BANNER

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты

Фото: Stan.kz коллажы

Қазақстандық блогерлер үкіметтің ескертпесіне қарамастан желідегі парақшасында ойын ұтыстарын өткізуді жалғастырып келе жатыр. Соңғы уақытта justking31, almasbek_batyr секілді танымал блогерлердің аты жиі аталып жүр. Бұл қатарда ел алдында жүрген шоу-бизнес өкілдері бар, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

"500 миллион теңгелік пәтерді ұтып алғың келсе, 29 990 теңгеге курс сатып ал"

Мұндай контент әсіресе қарапайым азаматтар арасында үлкен қызығушылық тудырып, кей жағдайда әлеуметтік желі арқылы қаржылық операциялардың күмәнді сипатын көрсетеді. 

Мәселен, justking31 лақап атымен белгілі Нұрбек Нұртаза қазір Қытаймен сауда жасауға үйрететін жаңа оқу бағдарламасын жарнамалап жатыр. Ол блогер болу миллионнан бір адамның ғана қолынан келетін сирек мүмкіндік екенін айтып, ал сауда кез келген адам меңгере алатын, өміршең сала екенін алға тартады. Сауданың орталығы ретінде Қытайды атап, өзінің ең нәтижелі жобасы Қытайдан тауар алуды үйрететін курсы екенін айтады. Сөзінше, бұл курс арқылы адамдар отбасына қажетті заттарды арзан бағамен алып, үнемдеп жүр.

Сонымен қатар justking31 кейбіреулер бұл істі бизнеске айналдырып, жақсы табыс табатынын да қоса кетті. Мысал ретінде өз әйелі де үнемі Қытайдан ойыншықтар мен киімдерге дейін түрлі заттар алып жүргенін атап өтті. Осылайша ол осы курсқа қатысушылардың арасынан бір адамға 500 миллион теңгелік үй сыйлайтынын айтып, ешкім құр қол қалмайтынын, барлық сыйлық ақшалай болатынын уәде етеді. 

Курстың бағасы – 29 990 теңге. Басталатын күн – 19 маусым деп көрсеткен. Ал ойнатылатын үйдің жалпы құны – 500 мың теңге. Тағы 30 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар бар екені айтылды.

Блогердің парақшасын зерттей келе, оның бірнеше жыл қатарынан ойын ұтыстарын жүргізіп келе жатқаны байқалады. Соңғы жариялаған видеосында ешкімсіз сыйлықсыз қалмайтынын айтып сендіреді.

"Мен қарапайым ғана жігітпін. Өмірде жеткен жетістігімнің бәріне өз күшіммен, өз еңбегіммен жеттім. Не бай отбасынан шыққан жоқпын, не құрылысшы емеспін, не ірі қор немесе компания өкілі емеспін. Сондықтан бұл үй дәл мен сияқты қарапайым, бірақ үмітін үзбеген, тәуекелге бара алатын, өмір ұсынған мүмкіндікті жіберіп алмайтын адамға бұйырса деймін. Ең бастысы – мен әрбіріңізге шын мәнінде пайда әкелгім келеді", – дейді блогер Нұрбек Нұртаза.

Кейбір қатысушылар алғашқы 100 адамға 50 000 теңге көлемінде сыйақы беріледі деген уәденің орындалмағанын айтып, өз пікірлерінің өшірілгенін мәлімдеді. Басқа жазбаларда блогерлердің шындықты бұрмалап, маркетингтік айла-тәсілдер арқылы көп табыс табуды көздеп отырғаны айтылған. 

"Егер 17 мың адам курс сатып алса, ұйымдастырушылар қомақты қаржыға ие болады. Бұл нағыз бизнес!" – деп жазды тағы бір қолданушы.

Кейбір қатысушылар курс материалына жеткізушілер базасы мен рецепттерге қол жеткізе алмағанын айтып, ашуға булықты. Бір әйел "5 сағат отырдым, бірақ база ашылмады. Тізімде де жоқпын, эфирде жазған пікірлерім де шықпады" деп ренішін білдірді. Сонымен қатар, байқаудың "тегін" деп жарнамаланғанымен, шын мәнінде қатысу үшін тағы бір өнімді курс немесе базаға қолжетімділікті сатып алу керек болғаны да сынға ұшырады.

"Алматы мен Астанадан комфорт-класстағы пәтер, су жаңа Chery Tiggo автокөлігі"

20 маусым күні Instagram платформасында @almasbek_batyr атымен танымал блогер ауқымды тікелей эфир өткізді. Ол эфирге қатысқан көрермендерге Алматы мен Астанадан комфорт-класстағы пәтер, су жаңа Chery Tiggo автокөлігі, 5 миллион теңге ақшалай сыйлықтар және тұрмыстық техникалар мен косметика түріндегі түрлі ұтыстарды уәде етті. Мәселен, шаңсорғышты 50 мың теңгеге, электронды сағатты 25 мың теңгеге және тағы басқа заттарды сатып алу арқылы ұтысқа қатысуға болады.

Блогердің айтуынша, эфирге 20-30 мың адам қатысқан. Ол өз өнімдерін сатып алған және чегін жіберген қолданушылардың ұтысқа қатысатынын, басты жүлделерді кездейсоқ таңдау арқылы ойнататынын айтты.

Алмасбек ауқымды жарнама жасап, эфир бойы "ешкімді алдамаймын", "бәрі адал өтеді" деп сендіргенімен, көп ұзамай әлеуметтік желіде наразылықтар қарша жауа бастады. Кейбір қолданушылар уәде етілген көлік пен пәтердің кімге бұйырғаны туралы нақты ақпарат берілмегенін айтады. Жеңімпаздарды анықтайтын ашық тізім жарияланбаған. Бұған қоса, жүздеген қолданушы өздері сатып алған тауарлардың әлі күнге дейін жеткізілмегенін, тапсырыстан кейін байланыс мүлде үзілгенін жазып жатыр.

"50 мың теңгеге химиялық тазалау аппаратына тапсырыс бердім. Бір апта өтті, тауар әлі жоқ. Берген нөмірге хабарлассаң, жауап жоқ, телефон алмайды", – деп ашуланды Эльмира Тайжанова есімді оқырман.

Тағы бір Камила Жолдыбаева атты қолданушы "Анамды алдап кетті! Қоңырауларға жауап бермейді, жалған трек-нөмір жіберген. Казпочта оның жарамсыз екенін растады" деп ашуланып жазған.

Блогер бұл шағымдарға "Қазақстанның әр түкпірінен тапсырыс түсіп жатыр. Кей кезде жеткізуге 1 айға дейін уақыт кетеді" деп жауап берді. 

Ал наурыз айынан бері өзі ұйымдастырып жүрген акциялар жайлы да ол "Менен тауар сатып алғандар ешқандай шартсыз ұтысқа қатыса алады" дейді. Бірақ кей тұтынушылар осы уақытқа дейін бірде-бір нәтиже көрмегендерін, ұтысқа қатысуға қажетті "номерокты" ешкім бермегенін айтып отыр.

Бұдан бөлек ұтысқа тігілген үйдің Алматыдан Алматы облысы Іргелі ауылындағы “Теректі” тұрғын үй кешені екенін байқауға болады.

"Қылмыстық кіріс көлемі 162 миллион теңгеден асты"

Эстрада әншісі Абай Бегейдің қызы, блогер Гүлеркем Ниязқұлова да заңды елемей, әлеуметтік желіде заңсыз ұтыс ойындарын өткізгені туралы ақпарат шықты. Былтыр 8 тамызда Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық соты оған 1 107 600 теңге көлемінде айыппұл салды. Бұған дейін де блогер заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жазаға тартылған еді. Алайда ол қызметін тоқтатпай, күйеуімен бірге жалғастырып жүргені белгілі болды. 

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, ерлі-зайыпты Instagram, TikTok және Telegram желілерінде 850 мыңнан астам жазылушысына ұтыс ойындарын ұсынған. Алайда тіркелген лотерея операторы болмаған. Соған қарамастан, олар автокөлік, пәтер және басқа да бағалы сыйлықтар ойнатылған ұтыс ойындарын өткізген.

"Ұтыс ойынына 1800-ден астам азамат қатысқан. Заңсыз қызметтен түскен қылмыстық кіріс көлемі 162 миллион теңгеден асты. Қазір күдіктілердің мүлкі мен банктегі шоттарына тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", – деп хабарлады агенттік.

Айта кетейік, Ниязқұлова өз негізгі парақшасынан бөлек, ұтыс ойындарына арналған жеке аккаунт жүргізеді. Онда алтын бұйымдар, тондар, көлік пен пәтер сынды бағалы сыйлықтар ойнатылады. Билет бағасы 100-1000 теңге аралығында. Ұтыс эфирлері үй жағдайында өтіп, жеңімпаздар тікелей эфирде анықталады. Қатысушыларды тарту үшін блогер тегін курстар мен ақшалай бонустар ұсынады. Жуырда ол 15 миллион теңге ұтқан қатысушы туралы жазып, ақша аударылған сәтті де көрсетті. Алайда кірістің нақты қандай бөлігі жүлделерге жұмсалатыны белгісіз, қаржылық есеп ашық емес. Сонымен қатар блогер Ақтаудағы "SBG QURYLYS" ЖШС құрылысын жарнамалап, пәтер алушылар арасында ұтыс ұйымдастыратынын хабарлады. Жүлде ретінде көлік, шетелге жолдама және смартфондар уәде етілді. Қатысу үшін билет сатып алу қажет болған.

Сонымен қатар күні кеше белгілі шоу-бизнес жұлдызы Аша Матай мен продюсер Алмас Бекіш ойын ұтысын өткіземіз деп жаһанға жар салды. Аша Матай өз парақшасында 8 шілде күні үлкен көлемдегі сыйлықтар ойнатылатынын жариялады. Ол Алматыдан комфорт класстағы кең әрі жайлы пәтер, екі бірдей су жаңа автокөлік және 12 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты бірегей байқау арқылы ұсынатынын мәлімдеді.

"Бәрі заңды түрде әрекет етіп жатыр деп айту қиын"

Заңгер Нұрсұлтан Орынбековтың айтуынша, "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" заңының 5-бабына сәйкес, лотерея операторы немесе оның агенті болып саналмайтын тұлғаларға лотерея өткізуге және билет сатуына тыйым салынған. Осы ретте Қазақстанда лотерея ұйымдастыру құқығы бір ғана оператор – "Сәтті Жұлдыз" АҚ-на тиесілі екенін ескертті. Дегенмен заңгер Нұрсұлтан Орынбеков бұл жерде халықтың психологиясын да ескермеуге болмайды дейді.

"Қазір интернетте түрлі блогерлер "үй ойнатамын", "көлік беремін" деп уәде етіп, ұтыс ойындарын өткізіп жатыр. Алайда олардың бәрі заңды түрде әрекет етіп жатыр деп айту қиын.  Дегенмен, халықтың тарапынан да осындай жеңіл жолмен ақша тапқысы келетін, жылдам баюға құмарлық байқалады. Сондықтан бұл жағдайға тек блогерлерді кінәлап қарауға болмайды. Заңды түрде ұтыс ойындарын өткізуге бола ма? Иә, егер компания заңды тұлға, мысалы, ЖШС ретінде тіркелген болса және өз өнімін жарнамалау немесе сату үшін осындай акция өткізсе, бұл заңға сай", –деді заңгер.

Заңгердің айтуынша, құрылыс компаниялары пәтер сатып алғандар арасында қосымша пәтер ұтысқа тігетін жағдайлар жиі кездеседі. Бұл лотерея емес, "сатуды ынталандыру акциясы" болып саналады және Қазақстан заңнамасында мұндай әрекеттерге тыйым салынбайды. Нұрсұлтан Орынбековтың айтуынша, құрылыс компаниялары пәтер сатқан соң, сатып алушылар арасында тағы бір пәтерді ұтысқа тігіп жатады. Бұл сату стимуляциясы, яғни тауарды жарнамалау тәсілі, және ол лотерея болып есептелмейді дейді маман.

"Қазақстан заңында коммерциялық ұйымдардың мұндай акциялары лотерея болып саналмайды деп нақты жазылған. Ал заңсыз түрі қандай? Егер адам курсын, тауарын сатқан соң, ұтыс ойнатып, қатысушыларға билет сатып, лототрон (шарлармен айналатын құрылғы) арқылы жеңімпазды анықтаса, бұл әрекет заң бұзуға жатады. Мұндай жағдайдаӘкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 214-бабы бойынша жауапқа тартылады. Ал егер бұл әрекет жалған кәсіпкерлік немесе құмар ойын бизнесі ретінде танылса, онда қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Мұны бір тараптан қарап, блогерлердің кемшілігі деуге болмайды. Екінші тараптан мемлекет те 2015 жылдан  2030 жылға дейін бір "Сәтті жұлдызға" ойындар өткізуге, монополист ретінде рұқсат беріп қойған. Мұнда мемлекеттің лицензиясы да қажет емес. Егер сіздің "Сәтті жұлдызда" келісімшартыңыз болмаса, олардың рұқсаты болмаса сіз қылмыскер атанып кетуіңіз мүмкін. Бұл да монополияның бір түрі. Сондықтан олардың қызметі күмән тудырады", – деді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.

Еске салайық, бұған дейін ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, әлеуметтік желілердегі заңсыз әрекеттердің алдын алу жұмыстары "Заң және тәртіп" медиа-жоспары аясында жүргізілген. Анықтай келе, 2025 жылдың басынан бері 1 870 интернет алаяқтық тіркелді, оның 389-ы әлеуметтік желілерде жарияланған. Осы ретте ол заңсыз лотерея ұйымдастырғандар 100-ден (393 200 теңге) 2 мың айлық есептік көрсеткішке (7 864 000 теңге) дейін айыппұл төлейді және табыс тәркіленетінін айтты.

2024 жылғы ақпаннан бері 113 адам жауапқа тартылып, 50 миллион теңгеден астам айыппұл салынған екен. Сонымен қатар 63 блогер өз еркімен 2,7 миллиард теңге табысын жариялап, 105 миллион теңге салық төлеген.