BANNER

Қарқаралы қымызы – еліміздегі үздік өнімдердің қатарында

Gov.kz

Астанада алғаш рет өткен ауқымды BaiQymyz гастрофестивалінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген фермерлер бие сүтінен жасалған 50 тонна өнім ұсынды. 

Сарапшылар оның сапасы мен дайындау технологиясына қарай үздік үлгілерді анықтады. Қарағанды облысы да бұл шарадан шет қалған жоқ – Қарқаралы ауданы, Тегісшілдік ауылындағы «Қарынши» шаруа қожалығы жүлдегер атанды.

Фестивальге қарқаралылықтар 900 литр қымызбен қатар сары май, құрт, жылқы және қой етін әкелді.

«Қарынши» шаруа қожалығы 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Қожалық өсімдік және мал шаруашылығын қатар дамытып отыр. Бүгінде мұнда 800-ге жуық жылқы, 540 бас ірі қара және 3600-ден астам қой бар. Сонымен бірге мал бордақылау алаңы құрылып, ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылған.

Фестиваль қорытындысы бойынша «Қарынши» қожалығы екінші орын алып, ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сарапшылар қымыздың жоғары сапасын ерекше атап өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара ұсынылған өнім көлемі бойынша рекордтық деңгейге жетіп, ұлттық дәстүрлерді сақтау мен жергілікті брендтерді дамытуға бағытталған.

Фестивальге Қарағанды облысының өзге де өкілдері қатысты.

– Біз 25 бие сауамыз, күн сайын шамамен 150 литр қымыз өндіреміз. Бүгін 600 литр қымыз алып келдім. Қала тұрғындары нағыз ауыл қымызының дәмін көрсін дедік, – дейді Бұқар жырау ауданы, Үштөбе ауылынан келген Серғазы Исабеков.

Оның шаруа қожалығы «Алтын күбі» номинациясында жеңіске жетті.

Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі