BANNER

Вашингтон турнирі: Рыбакина жұптық сында сенсация жасап, ширек финалға шықты

Сурет: ҚТФ

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина ұлыбританиялық Эмма Радуканумен бірге жұптық сында Вашингтон (АҚШ) WTA 500 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

Рыбакина жекелей сында 2022 жылы Уимблдонда жеңімпаз болса, Радукану 2021 жылы АҚШ ашық чемпионатында үздік шыққан еді. Алайда олардың екеуі де жұптық сында сирек өнер көрсетеді.

Бұл жолы Рыбакина – Радукану алғашқы айналымда осы жарыстың 4-ракеткалары, словакиялық Тереза Михаликова – тағы бір ұлыбританиялық Оливия Николлспен шеберлік байқасты.

Матчты фаворит болып есептелген словакиялық-ұлыбританиялық жұп сәтті бастады – 6:2. 

Дегенмен екінші сетте Рыбакина – Радукану тай-брейкте табандылық танытты – 7:6 (7:4). Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 11:9.

Бір сағат 53 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандық-ұлыбританиялық жұп 3 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Михаликова – Николлс 2 эйс, 5 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті. Осылайша, күтпеген жерден ширек финалға шыққан Елена Рыбакина – Эмма Радуканудың келесі қарсыластары кейін анықталады.