BANNER

Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсететін жаңа әлеуметтік жоба іске қосылды

Gov.kz

Қарағандыда арбаға таңылған азаматтарға арналған заманауи көтергіштер қолданысқа берілді. Енді көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарында тұратын жандардың далаға шығуы немесе кері көтерілуі әлдеқайда жеңілдейді.

Sano PTR 160 маркалы шынжыр табанды көтергіштер Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тапсырмасымен сатып алынды. Ескі үйлерде лифт пен пандустардың болмауы ұзақ жылдар бойы ерекше жандардың ең өткір мәселелерінің бірі болып келген еді. Бұл түйткіл тұрғындармен кездесулерде бірнеше мәрте көтерілген болатын.

– Әкімге талай рет арбаға таңылған қарағандылықтардың үйден шығу қиындығы айтылды. Таза ауаға шығу, дүкенге бару үшін олардың туыстарынан, көршілерінен, достарынан көмек сұрауына тура келеді. Көбіне оларды қолмен түсіреді – бұл әрі қолайсыз, әрі қауіпті. Кейде тіпті шұғыл жолға шығу керек болғанда, жанында көмектесер адам табылмай, ТЖМ қызметін шақыруға тура келген жағдайлар да болды, – дейді облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталиев.

Жаңа көтергіштер арбадағы адамды қауіпсіз әрі тез қажетті қабатқа көтеріп-түсіруге мүмкіндік береді. Құрылғы әмбебап, кез келген арба түріне бейімделген. Ал арнайы дайындықтан өткен екі қызметкер құрылғыны басқарып, азаматтарға көмек көрсетеді.

Қызметті алу үшін кемінде бір күн бұрын +7-771-981-68-11 нөміріне өтінім беру қажет. Өтінімде мекенжай, байланыс нөмірі және қызмет көрсетілетін уақыт көрсетіледі.

– Адамның үйден шығу себебі маңызды емес. Біреу жай серуендегісі келсе де, біреу дәрігерге барса да – бәрі тең. Ең бастысы – әрбір адамның еш кедергісіз сыртқа шығу құқығы бар, – дейді Нияз Сүндеталиев.

Жоба әзірге пилоттық режимде жүзеге асуда. Мамандар көтергіштердің қаншалықты сұранысқа ие екенін, қай аудандарда жиі қажет болатынын және пайдаланудың ыңғайлы уақытын анықтап жатыр. Алынған нәтижелерге қарай жобаны кеңейтіп, қосымша құрылғылар сатып алу жоспарлануда.

Алдағы жылдары осындай көтергіштер облыстың өзге қалаларына да орнатылмақ.

Дереккөз: Gov.kz