Қарағанды облысында жаңа ауқымды бастама – «Кітап оқитын ұлт» жобасы іске қосылды. Жобаға мектеп оқушылары, студенттер, педагогтар, отбасылық әулеттер және мемлекеттік қызметшілер қатысады. Алты ай ішінде қатысушылар 15 кітап оқуы тиіс. Ең үздіктері ақшалай сыйлықтарға, сертификаттарға және медальдарға ие болады. Бұл туралы Қарағандыда өткен білім саласы қызметкерлерінің тамыз конференциясында хабарланды.
– Басты мақсатымыз – қазақстандықтардың кітап оқу деңгейін жылына кемінде 10 кітапқа жеткізу. Байқау арқылы біз оқуға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, кітапты мектеп кезінен бастап тұрақты әдетке айналдыруды көздеп отырмыз, – деді «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қорының атқарушы директоры Аян Сақошев.
Байқау қыркүйек айында басталып, оның қорытындысы 2026 жылдың наурыз айының соңында шығарылады.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев оқырмандық мәдениетті дамыту өңірдің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, жобаны кідіріссіз жүзеге асыру қажеттігін айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқу мәдениетін қалыптастыруды ұлттың прогрессивті ойлау жүйесінің негізі деп бағалады. Сондықтан «Кітап оқитын ұлт» жобасын толық қолдап, кітапхана қызметін жетілдіру, оқушыларды, педагогтарды және ата-аналарды кітап оқуға кеңінен тарту маңызды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Дереккөз: Gov.kz