BANNER

Президент жолдауындағы тапсырмаларды орындау: шикізаттық емес экспортты қаржылай қолдау көлемі 394 млрд теңгеге жетті

Ukimet.kz

Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында шикізаттық емес экспортты нығайтуға бағыт берілген. Үкімет бизнесті қолдау шараларын қарқынды түрде жүзеге асыруда.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «бір терезе» қағидаты бойынша қаражат құралдарының толық спектрін ұсынатын Экспорттық-кредиттік агенттік құрылды. Биылғы 7 айда көрсетілген қаржылай қолдау көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 200 млрд теңгеге артып, 394 млрд теңгені құрады. Қолдау көрсетілетін барлық жобалардың 71%-ын құрайтын шағын және орта бизнеске ерекше назар аударылуда. Бұл ретте орташа және жоғары қайта бөлу өнімдерінің үлесі 83%-ға жетіп отыр.

Қазақстандық тауарларды сыртқы нарықта ілгерілету жұмыстарын күшейту үшін халықаралық инфрақұрылым қалыптастырылуда.

«Қытай провинцияларында серіктестік кеңселер, өкілдіктер және ұлттық павильондар іске қосылуда, ондай нысандар Чэнду, Үрімші, Нанкин және Шаньдун провинцияларында бар. Өзбекстанда "Термез" халықаралық сауда орталығының аумағында қазақстандық өнімдердің сауда павильоны ашылды. Алдағы уақытта экспортқа шығуымыз керек елдерде сауда-экономикалық миссиялар өткізілуде, қазақстандық тауарларды халықаралық электрондық алаңдарда ілгерілету бойынша жұмыстар жүргізілуде, мысалы олардың арасында jd.com, Doiyin, Alibaba сияқты сауда-саттық алаңдары бар. Жақын арада біз Amazon-ға анағұрлым кең көлемде шығамыз»,

— деп атап өтті сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Дереккөз: Ukimet