BANNER

Бұқаралық спорт: Қарағанды облысында үздік әуесқой футбол командалары марапатталды

Gov.kz

Қарағанды облысында дәстүрлі әуесқой футбол біріншілігі мәресіне жетті. Бұл турнирге ширек ғасыр болды және ол бұқаралық футболды дамытуда маңызды орын алады. 

Биыл жарыс жаңа серпін алды: ойындар Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан әуесқой лигасы» ауқымды жобасының аясында ұйымдастырылды. Додаға жеті команда қатысты, олардың бірі – ауылдық команда. Матчтар мамырдан қыркүйекке дейін өңірдің алты стадионында өтті. Абай қаласының командасы жеңімпаз атанды.

– Мен де бала кезімде осы біріншілікке қатысқанмын. Қазір де бұқаралық футболды қолдауға тырысамыз. Әдеттегідей облыс біріншілігі классикалық жүйе бойынша, екі айналымнан тұратын «үйде – сыртта» форматы арқылы өтті. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Командалар шеберліктерін көрсетті. Жас ойыншылар қатары қалың. Келесі жылы бұқаралықты арттырып, ауылдық командаларды көбірек тартқымыз келеді, – дейді Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының басқарушы директоры Николай Бублинский.

Біріншіліктің бас төрешісі Артём Кучиннің айтуынша, биылғы жарыста бәсекелестік жоғары болды. Әр команда үздік атануға ұмтылды. Футболға деген махаббат түрлі мамандық иелерін және әртүрлі жастағы адамдарды біріктірді: қатысушылардың қатарында шахтёрлар да, металлургтер де, колледж студенттері де бар. Жалғыз ауылдық команда – Ботақара кентінің «Дорожник» комаедасы жүлделі орынға бір қадам жете алмай, төртінші орынды қанағат тұтты. Облыста спорттық инфрақұрылымға назар аударылып жатыр, футбол алаңдары көбейген сайын бұқаралық спорт та арта түседі, деп атап өтті Артём Кучин.

«Қазақстан әуесқой лигасының» әуесқой футболшыларға қандай мүмкіндік беретінін жобаның үйлестірушісі Әділет Мұқышев түсіндірді. Өңірлік алаңдардан халықаралық аренаға жол басталады: облыстық кезеңдердің жеңімпаздары қазанда Талдықорғанда өтетін ұлттық финалда бақ сынайды. Оның қорытындысы бойынша УЕФА аймақтар кубогына жолдама ойнатылады.

Бұл бастама аула командаларынан кәсіби клубтарға дейін тұрақты жүйені құруға бағытталған. Республикалық турнирдің жеңімпазы 2026 жылғы маусымнан бастап Екінші лигада өнер көрсетуге құқық алады және келесі жылы Қазақстан кубогына қатысады. Ал алғашқы үштікке енген командалардың бапкерлері мен жетекшілері оқу гранттарына ие болады.

– Жоба бүкіл елді қамтыды. Облыс біріншілігінің жеңімпазы ұлттық финалда өнер көрсетіп, халықаралық аренаға шығуға мүмкіндік алады, – деді үздік әуесқой командаларды құттықтаған Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев. – Өздеріңіз білесіздер, бізде Freedom компаниясының қолдауымен Футбол академиясы салынып жатыр. Футболды дамытуға арналған инфрақұрылым жасалады. Мұнда кәсіби спортшылар да, әуесқойлар да жақсы жағдайға ие болып, шеберлігін шыңдай алады.

Нәтижесінде бірінші орын мен ауыспалы кубокты «Абай» командасы жеңіп алды. Олар облыс намысын ұлттық финалда қорғайды. 

Екінші орынды Теміртаудың «Асан» командасы, 

үшінші орынды «Сарань-Торпедо» иеленді.

Сондай-ақ арнайы номинациялар бойынша да марапаттар табысталды. Үздік ойыншы атағы «Абай» командасының ойыншысы Максим Казанинге бұйырды.

– Бұл біріншілікке бесінші жыл қатарынан қатысып жүрмін. Жеңгенімізге қуаныштымын. Қарсыластар мықты болды, күрес соңғы турға дейін жалғасты. Командаға рахмет: бар күшімізді салдық! Енді алдағы ойындар мен келесі маусымға дайындаламыз, – деді үздік ойыншы.

Ең жасы үлкен ойыншы – 53 жастағы Ардақ Дүкейұлы, Бұқар жырау ауданындағы «Дорожник» командасының қақпашысы. 

Бұрынғы әскери қызметкер бала кезінен футболға әуес, қазір де сол қызығушылығын жалғастырып жүр. Футболға деген махаббаты ұлына да дарыған, ал екі қызы волейболмен айналысады. Өзі былтыр Ботақарда ашылған ФОК-қа жұмысқа орналасқан.