Қарағанды облысында республика бойынша алғаш рет «Кітап оқитын ұлт» байқауының пилоттық жобасы іске қосылды. Зияткерлік сайыс ауқымды аудиторияны қамтиды: 6–10 сынып оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтар, мемлекеттік қызметшілер мен әулеттік командалар қатыса алады.
Жобаның басты мақсаты – кітап оқуды тұрақты дағдыға айналдыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және рухани-адамгершілік бағдарларды нығайту. Байқауды ұйымдастырушы – «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қоры, құрылтайшысы – «Amanat» партиясы.
Сайыс үш кезеңнен тұрады: аудандық, қалалық және облыстық. Қорытынды кезеңнің жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар табысталады: бірінші орынға – 1 миллион теңге, екінші орынға – 600 мың теңге, үшінші орынға – 400 мың теңге. Барлық қатысушыларға сертификаттар беріледі.
Байқау келесі бағыттар бойынша өтеді:
«Кітап оқитын мектеп». Бірінші кезең – мектепішілік (жеке): қатысушылар сұрақтарға жауап беріп, эссе жазады. Екінші кезең – аудандық, үшінші кезең – облыстық. Бұл турлар командалық түрде өтеді: үш адамнан құралған топ квиз-сұрақтарға жауап береді;
«Кітап оқитын колледж/университет». Аудандық және облыстық кезеңдерден тұрады. Қатысушылар екі адамнан құралған команда болып пікірсайысқа қатысады;
«Кітап оқитын педагог». Бірінші кезең – мектепішілік (жеке): сұрақтарға жауап беру. Екінші кезең – аудандық, үшінші кезең – облыстық. Үш адамнан тұратын команда квизге қатысады;
«Кітап оқитын мемлекеттік қызметші». Бірінші кезең – аудандық (жеке): сұрақтарға жауап беру. Екінші кезең – облыстық: үш адамнан құралған команда квиз-сұрақтарға қатысады;
«Кітап оқитын әулет». Барлық үш кезең де квиз форматында өтеді. Команда бес адамнан тұруы тиіс, оның ішінде міндетті түрде 6–10 сынып оқушысы, бір ересек және ата немесе әже болуы қажет.
Барлық санаттағы ортақ талап – бекітілген тізімнен 15 шығарманы оқу. Кітаптар тізімін мына жерден жүктеп алуға болады. Кітаптарды қағаз немесе электронды форматта пайдалануға болады. Қатысушылардан тек оқып қана қоймай, шығармаларды талдау, сұрақтарға жауап беру және командалық тапсырмаларды орындау қабілеті талап етіледі.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл бастама көркем және ғылыми-көпшілік әдебиетке қызығушылықты жандандырып, өңірдің зияткерлік жобалардағы көшбасшы мәртебесін тағы да айқындайды.
Өтініштер 20 қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша білім бөлімдерінде немесе жобаның әлеуметтік желідегі QR-коды арқылы қабылданады.
Қарағанды облысына арналған жобаның ресми әлеуметтік желілері:
Instagram: instagram.com/kitapoqitynult;
Telegram: t.me/kitapoqitynult_09.