BANNER

Түркістан облысында ұлы ұрып-соққан ақсақалдың мәйітіне эксгумация жасалды

Stan.kz

Түркістан облысы Шардара ауданында ұлы соққыға жыққан қарияның мәйіті шығарылып, сот-медициналық сараптама тағайындалды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Есіркеп Садақбаевтың қыркүйектің 3-іне қараған түні қайтыс болғанын хабарлады. Ол көзі тірісінде гипертониялық жүрек ауруы және омыртқа остеохондрозы диагнозымен дәрігерлердің бақылауында болған. Қарт адам алған дене жарақаты бойынша дәрігерге жүгінбеген.

"Туыстары қайтыс болу фактісін дер кезінде жеткізбегендіктен, медицина қызметкерлері анықтау актісін бере алмады. Қазір мәйіт эксгумацияланып, сараптама тағайындалды. Соңғы қорытынды қосымша жарияланады", – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасынан.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында ер адам өз әкесін аяусыз қорлады деген күдікке ілініп, қамауға алынған еді.

Ол 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Түркістан облысы ПД Шардара аудандық полиция бөлімі "Зардап шегушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.