Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаев және өзге 5 айыпталушыға қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгінгі сот отырысында айыпталушылардың адвокаты Айдынғали Табылдыев судья Айнагүл Тұқыбаеваны ауыстыру туралы өтініш білдірді. Алайда үзілістен кейін сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Сондай-ақ, сот отырысы жәбірленушілердің бірі — кәсіпкер Әріпжан Тәжиевтің қатысуынсыз өтіп жатыр. Осыған байланысты айыпталушылардың адвокаттары оны келуге міндеттеп, сұрақ-жауап алу үшін сотқа шақыру туралы өтініш жасады. Хасан Қасымбаевтың адвокаты Ерлан Мендешев журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Тәжиевтің сот отырысына екінші рет қатыспағанын атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпкер айыпталушыларға жалған жала жапқан.
Еске салайық, Хасан Қасымбаевпен бірге айыпталушылар орындығында Руслан Әлиев, Мадияр Қалимжанов, Сайлау Ақжанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров отыр.
Бұған дейін айыпталушылардың адвокаттары прокурорды ауыстыруды өтінді.
Алдыңғы сот отырысы кезінде жәбірленуші – фитнес-жаттықтырушы өзін қалай ұрлап кетіп, ұрып-соққанын айтып берген болатын.