BANNER

Теміртаудың 80 жылдығы: қала мерекесін қалай атап өтпек

Gov.kz

Биыл Теміртау қаласы өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтуде. Салтанатты іс-шаралар 28 қыркүйек, жексенбі күні ұйымдастырылады. Қала тұрғындары мен қонақтарын жәрмеңкелер мен көрмелер, концерттік бағдарламалар, түрлі шоу және мерекелік отшашу күтеді.

Қаланың тарихы 1905 жылдан бастау алады. Дәл осы жылы қазіргі Теміртаудың орнында Самарқан кенті құрылған еді. Ол жыл санап өсіп, дамыды. 1945 жылдың 1 қазанында елді мекен қала мәртебесін алып, Теміртау деген жаңа атауға ие болды. Кейін металлургия саласы қаланың экономикасы мен тағдырының негізіне айналды. Бүгінде Теміртау – 180 мыңнан астам тұрғыны бар, түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан қала.

Мерейтойдың басты сахнасы – «Бірлік» алаңы болмақ. Мерекелік бағдарлама таңертеңнен басталады.

11:30 – «Бақытты бала» балаларға арналған бағдарлама. Кішкентай қонақтар үшін мүсіндеу, сурет салу және қолөнер бойынша шеберлік сабақтары, сабын көпіршіктерінің шоуы мен балалар спектаклі ұйымдастырылады. Балалардың көңілін аниматорлар мен үлкен қуыршақ кейіпкерлер көтереді.

12:00 – жәрмеңке мен көрмелер. «Бірлік» гүлзарында, ротонданың жанында қолөнер жәрмеңкесі өтеді. Онда әшекей-бұйымдар, кесте, керамика жұмыстары ұсынылады. Сондай-ақ «Теміртау: кеше және бүгін» фотокөрмесі, тарихи-өлкетану мұражайының экспозициясы және «Қала суретшілер көзімен» атты өнер көрмесі қойылады. Қонақтар үшін ұлттық тағамдар мен көше асханасы ұсынылатын фудкорт аймағы жұмыс істейді.

13:00 – «Жастармен бірге» жастар бағдарламасы. Теміртаулық жастарды би сайыстары, диджей-сеттер, колледждер көрмесі, арт-аймақтар, граффити және фотоаймақтар күтіп тұр.

13:00 – «Қауіпсіз елдің тірегі» арнайы қызмет техникасының көрмесі. «Астана» алаңында, металлургтер монументінің жанында әскерилердің, полицияның, өрт сөндірушілер мен дәрігерлердің көліктері қойылады. Құтқарушылар мен кинологтардың көрсетілімдері өтеді. Келушілер арнайы жабдықтарды киіп көріп, техника жанында суретке түсе алады.

17:00 – негізгі мерекелік бағдарлама. Шараны қала әкімі Ғалым Әшімов ресми түрде ашады. Бұдан кейін Теміртаудың өткені мен бүгінін бейнелейтін театрландырылған қойылым ұсынылады. Оған хореографиялық ұжымдар мен Алматыдан арнайы келген Vivat шоу-балеті қатысады. Одан әрі қала тумасы өнерпаздар сахнаға шығып, «Туған жерге тағзым» концерті жалғасады. Бағдарламаны «Спорттық Теміртау» және «TEMIRTAU – YOUNG ENERGY» интерактивті шоулары толықтырады.

Кештің басты сыйы – қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерті. Теміртау сахнасында Қайрат Баекенов, «Формат» тобы, Kalifarniya, Жанар Дұғалова, Sadraddin және Қайрат Нұртас өнер көрсетеді.

22:00 – мерекелік отшашу. Қала аспанын жарыққа бөлейтін отшашу Теміртаудың 80 жылдық мерейтойының жарқын нүктесі болмақ.