BANNER

Жаңаарқада «Арқаның сал-серісі -2025” байқауы өтті

Фото автордікі

25 қыркүйек күні Ұлытау облысы, Жаңаарқа аудандық мәдени-сауық орталығында қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған аймақтық «Арқаның сал-серісі – 2025» байқауы өтті. Аталмыш сайысқа Астана, Қарағанды, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау және Ақтоғай аудандарынан он үміткер қатысып, өнерсүйер қауымға ерекше әсер сыйлады.

Кешкі жетіде басталып, түнгі он екіге дейін жалғасқан тартысты бәсекеде Ерқанат Дүйсенбай оза шауып, Абай Құнанбайұлы атындағы бас жүлдені иеленді. Ол 500 мың теңге қаржылай сый мен арнайы марапатқа ие болды. Ұлытау ауданынан келген Ақтөре Қайратұлы Сәкен Сейфуллин атындағы І орынды иемденіп, 250 мың теңгеге сыйақыға лайық деп танылды. Ал сәтбаевтық металлург-ақын Жоламан Мағзұм мен қарағандылық Баянды Төлеутай ІІ орынға табан тіреп, әрқайсысына 165 мың теңгеден табысталды. Байқаудағы ІІІ орын ақтоғайлық Еркебұлан Мүбарак пен қарағандылық Жалғас Қаппасовқа бұйырып, олар 150 мың теңгелік жүлдені иеленді.

Талғат Жұмашев, Медет Жаманов, Айтмұхаммед Жұмабай және Ерасыл Ерденұлы сынды қатысушылар да құр алақан қайтқан жоқ. Оларға ауданымыздан шыққан өнер майталмандары атындағы номинациялар табысталып, тарихи тұлғалардың туыстары мен ұрпақтарының арнайы сый-сияпатына ие болды.