Қарағанды қаласындағы №1 көркемсурет мектебінің оқушысы Аружан Жұман жас суретшілер арасында өткен «Бояулар сыры» республикалық байқауында бірінші орынды иеленді. Оның «Бірлік» атты туындысы «Бейбітшілік пен мейірім – біздің қолымызда» номинациясында үздік деп танылды.
Аружан өз еңбегінде қазақстандық табиғат аясында әртүрлі ұлт өкілдерінен шыққан екі қызды бейнелеген. Эскизден бастап соңғы штрихқа дейінгі барлық жұмысты ол толықтай өзі орындаған.
– Аружан өте дарынды оқушы. Оның жұмысы стилі мен орындау шеберлігі арқылы өзгелерден ерекшеленді, – деп атап өтті оның ұстазы Ольга Иващина.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 120 мектеп оқушысы қатысты. Бұл – Аружанның алғашқы жетістігі емес. Бұған дейін ол қала көлемінде өткен түрлі байқаулар мен олимпиадаларда да жүлделі орындарға ие болған.
– Байқауда ерекше жылы әрі достық атмосфера болды. Өзім сияқты қызығушылықтары ортақ замандастарыммен таныстым. Бұл – мен үшін ең қымбат әсер, – деді жеңімпаз қыз.
Жеңіс дипломы мен сыйлықтарынан бөлек, Аружан байқаудан жаңа білім, жарқын эмоциялар және адал достар тапты.