BANNER

Қарағанды облысы Жастар спорт ойындарында жақсы өнер көрсетті

Gov.kz

Қазақстанда VI Жастар спорт ойындары мәресіне жетті. Қорытынды шара Қарағандыда өтіп, үздік спортшылар марапатталды. Жарыстар нәтижесінде Қарағанды облысы қоржынына 159 жүлде жинады: 56 алтын, 42 күміс және 61 қола медаль. Бұл көрсеткіш бойынша аймақтық құрама төртінші орыннан көрінді. Үздік үштікті Алматы, Астана және Шымкент құрамалары иеленді.

– Бүгін біз Қазақстан Республикасының VI Жастар спорт ойындарының қорытындысын шығарып отырмыз. Төрт жылда бір өтетін бұл дода сәуір айында Түркістанда басталды. Елдің барлық өңірінен, Алматы, Шымкент және Астана қалаларынан келген құрамалар 34 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынасты. Жалпы 2000-нан астам спортшы қатысқан. Ал Жастар ойындарының мәресі Қарағандыда өтті. Бұл – ауқымды әрі маңызды оқиға. Мұнда елдің ең үміт күттіретін спортшылары сынға түсіп, үздіктері Қазақстан намысын әлемдік ареналарда қорғайтын болады, – деді іс-шараның жабылу салтанатында ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев.

Жарыс жеңімпаздары мен қатысушыларын Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев те құттықтады.

 

Үздік үштікке іліне алмағанымен, қарағандылық спортшылар өздерін лайықты көрсетті. Облыс құрамасына дзюдо, батут гимнастикасы, үстел теннисі және жеңіл атлетикада тең келер қарсылас болмады. Сондай-ақ гандболдан ерлер командасы күміс жүлдені иеленсе, әйелдер құрама командасы қолаға қол жеткізді. Жалпы есепте облыс спортшылары академиялық ескек есу және байдарка мен каноэ есу спорт түрлерінен де күміс медальға қол жеткізді.

– Дзюдо жарыстары сәуір айында өтті. Облыс атынан 14 спортшы қатысып, алты алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Қорытынды есеп бойынша біздің құрама бірінші орынға тұрақтады. Нәтиже өте жақсы. Бұдан әрі де жаңа жеңістерге ұмтыламыз, – деді «Жас сұңқар» облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Алмас Мұхтаров.

Жеңіл атлетикадан облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жетекшісі Нұрлан Түсіповтың айтуынша, қарағандылықтар мықты қарсыластарын артта қалдырды. Жергілікті жеңіл атлеттер жалпы 20 медаль иеленді: сегіз алтын, бес күміс және жеті қола.

Қызмет бағыты