BANNER

Qarmet компаниясы жаңа металлургиялық кешеннің құрылысын бастады

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысында Qarmet компаниясы жаңа ыстық мырыштау және полимерлі жабындар кешенінің құрылысын қолға алды. Жобаның жалпы құны – 84 миллиард теңге. Оның жүзеге асырылуы 350 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Кешенді іске қосу 2027 жылға жоспарланған. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

– Жаңа желілер – Qarmet болат өндіру дивизионының өндірістік қуаттарын жаңарту және кеңейту жөніндегі стратегиялық бағдарламасын жүзеге асырудағы маңызды қадам. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің ірі тау-металлургия кәсіпорнын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып отыр, – деп атап өтті компания өкілдері.

Жабдық жеткізуші ретінде әлемдік нарықтағы жетекші инжинирингтік компаниялардың бірі – бельгиялық John Cockerill фирмасы таңдалған.

Қазіргі уақытта Qarmet металлургия комбинатында жылдық қуаттылығы 592 мың тонна болатын екі ыстық мырыштау желісі және жылына шамамен 115 мың тонна өнім шығаратын полимерлі жабын желісі жұмыс істейді.

– Жаңа кешен іске қосылғаннан кейін мырышталған болат өндірісінің жалпы көлемі жылына 844 мың тоннаға, ал полимерлі жабын өнімдері 254 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Сонымен қатар өндірілетін болат жолағының қалыңдығы мен ені бойынша ассортимент кеңейеді. Бұл желілер кәсіпорынның технологиялық жаңғыруының маңызды бөлігіне айналып, құрылыс, машина жасау және инфрақұрылымдық жобалар үшін бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын өнім шығаруға мүмкіндік береді, – делінген компания хабарламасында.