BANNER

Қарағандылықтар Италияда өткен ITF таэквондо бойынша әлем чемпионатында 21 медаль жеңіп алды

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысының спортшылары Италияда өткен ITF таэквондо бойынша жасөспірімдер, ересектер және ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына 21 медаль салды. Олардың еншісінде – 3 алтын, 6 күміс және 12 қола жүлде бар.

Байрақты бәсеке Италияда өтті. Жарысқа 69 елден 1200-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан атынан 72 таэквондошы өнер көрсетті, оның 16-сы – Қарағанды облысынан.

Қарағандылық спортшылар жекелей және командалық спарринг, формальды жаттығулар, өзін-өзі қорғау, арнайы техника және күштік сын бойынша бақ сынады. Көптеген спортшылар жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетіп, бір емес, бірнеше медаль иеленді.

Ардагерлер санатында (45–59 жас) сынға түскен Әлия Сүлейменова формальды жаттығуларда қола, ал спарринг бойынша алтын медаль жеңіп алды. Осылайша, ол ардагерлер арасында үш дүркін әлем чемпионы атанды.

Қарағанды облысының намысын қорғаған тағы бір ардагерлер – Марлен Шалтаков, Дулат Құрмансейітов және Азамат Сәбитов. Барлығы бұрын кәсіби спортпен айналысып, біраз үзілістен кейін қайта татамиге оралған. Төрт ардагердің ортақ қоржынында 6 медаль бар: 1 алтын, 3 күміс және 2 қола.

Екінші алтын медальді Медина Дауленова жеңіп алып, Қарағанды ITF таэквондо федерациясы тарихындағы әйелдер арасындағы алғашқы әлем чемпионы атанды.

Үшінші алтынды 14—15 жас аралығындағы спортшы Айтуар Сайранов иеленді. Ол спарринг кезеңінде қарсыластарын сенімді жеңіп, жоғары дайындық деңгейі мен күрес рухын көрсетті.

— Біздің барлық спортшыларымыз бар күшін салды, мінез танытып, жеңіске деген жігерін көрсетті. Әсіресе чемпиондарымызбен мақтанамыз, олар Қарағанды таэквондо мектебінің мықтылығын тағы да дәлелдеді, - деді Қарағанды ITF таэквондо федерациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Валерий Когай.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 10 алтын, 10 күміс және 19 қола медаль жеңіп алып, әлемнің ең мықты бес командасының қатарына енді.