BANNER

Қарағанды облысында Республика күнін кең көлемде атап өтпек

Сурет: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған мерекелік онкүндік 15 қазанда басталды. Бұл мерекеге орай өңірде 350-ден астам іс-шара өтеді. Олардың қатарында мәдени-көпшілік, патриоттық, қайырымдылық және әлеуметтік бағыттағы жобалар бар. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылып, тұрғын үйлердің кілттері табысталады.

Мерекелік шаралардың мазмұны мен барысы облыстық аппараттық кеңесте талқыланды.

– Қазір кітапханалар мен мұражайларда тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып, білім беру ұйымдарында дөңгелек үстелдер, пікірсайыс турнирлері мен спорттық жарыстар өтуде. Өңірде республикалық «Жанашыр жүрек» қайырымдылық акциясы басталды. Ал әлеуметтік желілерде патриоттық «Қыран елім – Қазақстаным!» челленджі белсенді түрде жүріп жатыр, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.

Аймақта ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жалғасуда. Онда өнімдер тұрғындарға нарық бағасынан төмен құнмен ұсынылады. Ауылдық елді мекендерде жаңа медициналық нысандардың ашылуы жоспарланған. Шет ауданының Мойынты кенті тұрғындарына жабық футбол стадионы сыйға тартылады. Ал Нұра ауданында дәрігерлерге қызметтік пәтер кілттері табыс етіледі.

Мереке қарсаңында барлық өңірде салтанатты жиналыстар өтеді. Ал Республика күні сағат 11:00-де қалалар мен аудандардың орталық алаңдарында ел Әнұраны орындалып, Мемлекеттік Ту көтеріледі.

– Республика күні – халқымыздың тәуелсіздігі мен бірлігінің нышаны, еліміздің басты ұлттық мерекесі. Сондықтан барлық іс-шара жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде өтуі тиіс, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.