Қазақстанда алғаш рет Кәсіпкерлер күні аталып өтуде. Мерекенің бұл күнге белгіленуі кездейсоқ емес – он жыл бұрын, 29 қазанда, Кәсіпкерлік кодекс қабылданған болатын. Бұл жаңа дата – ел экономикасындағы бизнестің маңызды рөлін мойындаудың көрінісі.
Қарағанды облысында кәсіпкерлік саласына үлес қосқан үздік салық төлеушілер, экспорттаушылар және жеке бизнестің қалыптасуында еңбек еткен азаматтар марапатталды.
Сондай-ақ өңірдің бизнес қауымдастығы мен қаржы институттарының өкілдері кәсіпкерлікті дамытуға қосқан еңбектері үшін алғысқа ие болды.
Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кәсіпкерлерді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, облыста екі жыл бұрын алғашқылардың бірі болып енгізілген бөлшек сауда салығының төмендетілген мөлшерлемесін сақтау маңызды екенін атап өтті.
– Қарағанды облысында 100 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері табысты жұмыс істеп келеді. Еңбекке қабілетті тұрғындардың әрбір екіншісі осы салада еңбек етуде. ШОБ-тың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 23%-ға жуықтады. Кәсіпкерлерді қолдау – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты өңірлерге бөлшек сауда салығының мөлшерлемесін өз бетінше белгілеу құқығы берілді. Осыған орай, мәслихатқа қазіргі жеңілдетілген мөлшерлемені – 2%-ды сақтап қалу жөнінде ұсыныс енгіземіз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
«Кәсіпкерліктің пионерлері» номинациясының иегері Андрей Витик өз кәсібінің тарихымен бөлісті. Ол шамамен 35 жыл бұрын бар-жоғы бес адамнан құралған шағын кооперативтен бастаған ісін бүгінде түрлі экономикалық бағыттарда жұмыс істейтін ірі компанияға айналдырған.
Сыртқы нарыққа белсенді шығу бағыты бойынша жергілікті поролон өндіруші кәсіпорын марапатқа ие болды. «Эгофом» бренді бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, көршілес елдерде де кеңінен танымал. Кәсіпорын өз өнімін Ресей, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан және Қырғызстанға экспорттайды.
Бизнес қауымдастығының бастамасымен үздік бизнес-идеялар авторы атанған мектеп оқушыларына да ақшалай сыйлық табысталды.
– Біз 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында байқау ұйымдастырдық. Мақсатымыз – жастарда кәсіпкерлік ойлауды қалыптастырып, олардың бастамашылдығын қолдау. Байқауға жүзге жуық өтінім түсті, көптеген қызықты жобалар ұсынылды. Кәсіпкерлерден құралған комиссия төрт бағыт бойынша жеңімпаздарды анықтады: IT және жасанды интеллект, агроөнеркәсіп, экология және креативті индустриялар. Әлеуметтік маңызы бар кейбір жобалар әрі қарай дамуы үшін патронажға алынды. Болашақта бұл байқауды дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы Владимир Алескеров.
Жеңімпаздарға бір миллион теңге көлеміндегі грант табыс етілді.
Өздерінің алғашқы миллионын Саран қаласындағы төртінші сынып оқушылары – Алексей Пальчун, Алексей Медянцев және Глеб Верницкий иеленді. Жас өнертапқыштар өрт кезінде көзі нашар көретін адамдардың қауіпсіз эвакуациялануына көмектесетін автоматтандырылған тұтқалар жүйесін ойлап тапқан. Қауіп туындаған жағдайда датчик іске қосылып, құрылғы адамды ең жақын шығу есігіне бағыттайды. Балалар алған грантты жобаларын жетілдіруге, өнертабысты патенттеуге және жұмыс үлгісін жасауға жұмсамақ.
Дереккөз: Gov.kz
