Үндістанның Гоа қаласында спорттық акробатикадан Азия чемпионаты өтті. Материктің түрлі елдерінен жиналған 300-ге жуық спортшының қатысуымен өткен жарыста Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Бұл жетістікке айтарлықтай үлес қосқан қарағандылық спортшылар 10 медаль жеңіп алды: жетеуі – алтын, үшеуі – қола.

– Біздің шәкірттеріміз тағы да Азия құрлығының үздіктері екенін дәлелдеді, – деп атап өтті гимнастика бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің өкілдері. – Ерлер жұбы Даниэль Диль мен Вадим Шуляр баланстық жаттығуда бірінші орын иеленді. Әйелдер жұбы Яна Высоцкая мен Екатерина Трофимова баланстық және темптік жаттығуларда, сондай-ақ көпсайыста үш бірдей алтын медаль жеңіп алды. Ал аралас жұп Диас Жеңіс пен Дилара Байбақушева да үш алтын медальға қол жеткізді.
Сонымен қатар, аралас дуэт Илларион Мацымоха мен Диана Высоцкая баланстық және темптік жаттығулар мен көпсайыста қола медаль еншілеп, үш мәрте жүлдегер атанды.

Спортшылардың бұл табысты нәтижесіне бапкерлер құрамының еңбегі зор. Команданы жарысқа дайындаған жаттықтырушылар қатарында Ботагөз Байбақұшева, Ирина Загриценко, Ирина Балагутина, Сергей Вертянкин және Светлана Лепшеева бар.

Қарағандылық акробаттарды алда жаңа сын күтіп тұр – қараша айының соңында өтетін Қазақстан Республикасының кубогы.
