BANNER

Батыс Қазақстанда жаңа мектеп ашылғанына екі жыл өтпей қирай бастады

Фото: ИИ Canva

Батыс Қазақстан облысындағы Магистральное ауылында оқитын 120 бала мектепсіз қалды. Осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген оқу ғимаратының қабырғаларға сызаттар түсіп, едені ойысып, қирай бастады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Теректі ауданының Магистральное ауылында небәрі екі жыл бұрын ашылған жаңа мектептің қабырғалары жарыла бастаған. Алайда бастапқыда бұл жағдай туралы ешкім айтпаған. Қазан айының соңында ғана директор болып тағайындалған жаңа басшы бірінші болып дабыл қақты. Ол оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігіне алаңдап, жағдай туралы тиісті органдарға дереу хабарлаған.

“Мен өз қызметіме 21 қазан күні кірістім. Екі күн өткен соң жарықтарды байқаған бойда аудандық білім бөліміне ресми хат жолдадым. Бұл жағдай шынында алаңдатады. Біздің ең басты мақсатымыз — балалардың қауіпсіздігі, сол себепті кемшіліктерді жою үшін мектепті уақытша жабу туралы шешім қабылданды”, – деді мектеп директоры Гаухар Оразова.

Қазір мектепте 120 бала оқиды. Олардың барлығы, соның ішінде мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушылары, көрші ауылдардағы білім беру мекемелеріне ауыстырылды. Балаларды тасымалдау ұйымдастырылған, кезекші мұғалімдер бекітілген. Мұғалімдер де балалармен бірге барып жүр. Құрылыс басқармасының мәліметінше, ауылдағы мектеп “Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг” компаниясының қаржысына салынған.

Ведомство мамандарының айтуынша, олар оқиға орнына барып, жағдайды тексерген. Балаларға қауіп жоқ деп сендірді. Техникалық тексеру нәтижесінде ақаулар тек аралық қабырғалардан ғана анықталған.

“Тіреуіш қабырғаларда ешқандай жарық жоқ. Алайда аралық қабырғаларда үлкенді-кішілі жарықтар пайда болған. Қазір облыс әкімі атынан КПО компаниясына мердігерді сотқа тарту туралы талап-хат жолданды. Біз бұл бағытта жұмысты жалғастырып жатырмыз. Зақымдалған аралық қабырғалар бұзылып, қайта қалпына келтіріледі. Жөндеу жұмыстары ертең басталуы тиіс”, – дейді Құрылыс басқармасының басшысы Нүркен Молдашев.

Мектепке берілген кепілдік мерзімі осы жылдың соңында аяқталады. Сол уақытқа дейін мердігер барлық ақауларды толық жоюға міндетті. Құрылыс басқармасындағылардың айтуынша, егер бәрі жоспарға сай жүрсе, екі аптадан кейін балалар өз мектептеріне қайта оралады.