«Qarmet» металлургия комбинаты домна өндірісін табиғи газға көшіру жобасын сәтті аяқтады. Бұл шешім кәсіпорынның энергия тиімділігін арттырып, өндіріс үдерісін тұрақтандырумен қатар экологиялық жүктемені айтарлықтай азайтады.

Газ құбырының құрылысы 2024 жылы басталған болатын. 2025 жылдың тамыз айында алғаш рет табиғи газ №2 домна пешіне берілді. Келесі айда жүйеге №3 пеш қосылды, ал қазанның соңында төртінші пеш те толықтай газбен жұмыс істей бастады. Осылайша бүгінде Qarmet комбинатының барлық домна агрегаттары табиғи газ негізінде жұмыс істейді.
Жобаның басты мақсаты – мазутты толықтай алмастырып, экологиялық тұрғыдан таза әрі энергиясы тиімді отын түріне көшу болды. Соның нәтижесінде тәулігіне 250 тоннадан астам мазутты қолдану тоқтатылды.
Қазір металлургтер өндіріс тиімділігін арттыру және кокстың шығынын азайту бағытында жұмыс жалғастыруда.

— Мен домна цехында 25 жылдан бері жұмыс істеймін. Алғаш рет табиғи газбен жұмыс істеп отырмыз. Жүйені игеріп, алғашқы нәтижесін көрдік: өнімділік артты, кокстың шығыны азайды, ал шойын өндірісінің өзіндік құны төмендеді. Бұл – ұжым үшін үлкен жетістік, — деді №4 домна пеші өндірістік учаскесінің бастығы Асхат Серікбаев.

Qarmet комбинаты мұнымен шектелмейді. 2026 жылы табиғи газға әк күйдіру және конвертер цехтары, мырыштау желілері мен жылу-электр орталықтарын көшіру жоспарланып отыр.
Дереккөз: Gov.kz
