Қарағандыда TPA Sary Arka атты заманауи зауыт табысты жұмыс істеуде. Кәсіпорын гофрленген картоннан жасалған қаптама өндіруге маманданған. Зауыт бұрын бос тұрған ғимараттың орнында салынып, бір жыл ішінде Қазақстанда теңдесі жоқ гофролиниясы бар индустриялық кешенге айналды.

Өндірістік қуаты — айына 6 миллион шаршы метр қаптама өнімін шығара алады.

Кәсіпорынның жұмысымен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысты.

Компания басшысы Дмитрий Фу мәлімдегендей, зауыттың өнімі елімізде жоғары сұранысқа ие.

Мұнда бұрын отандық нарықта өндірілмеген жеті қабатты картон шығару жолға қойылған.

Өнім түрлері әртүрлі — стандартты қораптардан бастап фирмалық дизайндағы қаптамаға дейін.

Қораптардың көлемі мен мақсаты әртүрлі.

Тұтынушылар қатарына кофеханалар, пиццериялар және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар кіреді.

Өндірілетін қаптама экологиялық таза, қайта өңдеуге және қайта пайдалануға жарамды.

Алдағы уақытта жұмыртқаға арналған лотоктар шығару желісін іске қосу жоспарлануда.

Барлық ауыр өндірістік үдерістер толықтай автоматтандырылған.

Қазір зауытта 70-ке жуық адам еңбек етеді, ал болашақта қызметкерлер саны артады деп күтілуде.

Аймақ басшысы сондай-ақ KAZPROM AVTOMATIKA кәсіпорнында болды. Бұл — автоматтандыру, энергетика және өндірістік IT салаларындағы жетекші отандық инжинирингтік орталықтардың бірі. Жобаның жалпы құны 6 млрд теңгеден асады, нәтижесінде 90 жаңа жұмыс орны құрылған.

Кәсіпорын қызметтің толық циклін қамтиды: жобалау мен автоматтандыру компоненттерін жеткізуден бастап, өндірістік IT-жүйелерді енгізу және сервистік қызмет көрсетуге дейін.

Компанияның мүмкіндігі кең – басқару пультінен бастап цифрлық кен байыту кешеніне дейінгі жобаларды іске асыра алады. Тапсырыс берушілердің қатарында отандық және еуропалық компаниялар бар.

Болашақта өндіріс ауқымын кеңейту және заманауи кеңсе ғимаратын конференц-залмен бірге салу жоспарланып отыр.

– Мұндай кәсіпорындардың дамуы өңір үшін аса маңызды. Олар жаңа жұмыс орындарын ашып, сұранысқа ие өнім шығарады және жаңа технологиялық құзыреттер қалыптастырады. Қарағанды облысының заманауи экономикасы дәл осындай өндірістердің негізінде дамиды, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.


