BANNER

Сурдлимпиада алтыны: Қарағанды облысының дзюдошысы Еркебұлан Қанапин Токио төрінде топ жарды

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Теміртаулық дзюдошы Еркебұлан Қанапин Токиода өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, Қазақстан құрамасына алтын медаль әкелді.

Еркебұлан Қанапин есту қабілеті шектеулі спортшылар арасында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесті. Финалдық сайыста венгриялық қарсыласы Патрик Отвошты таза жеңіспен ұтып, сурдлимпиялық чемпион атанды. Спортшыны бапкер Сергей Дмитренко жаттықтырады.

Еркебұлан Қанапин дзюдоға шамамен 25 жыл өміпін арнап келеді.

«Жерлесіміздің әлемдік аренадағы жетістіктері бұрыннан белгілі. 2022 жылдың мамырында Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен XXIV жазғы Сурдлимпиадада алтын медаль жеңіп алды. 2023 жылы Бішкекте өткен Азия–Тынық мұхиты чемпионатында бірінші орын иеленді. Ал 2024 жылы Түркістанда (Қазақстан) өткен әлем чемпионатында жеке сында қола, командалық есепте алтын медаль алған. Міне, спортшының ең жоғары деңгейдегі кезекті жеңісі!» – деп мәлімдеді Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы.

Сурдлимпиадада Қарағанды облысының атынан таэквондошылар мен жүзушілер де өнер көрсетеді.

XXV жазғы Сурдлимпиялық ойындар 15–26 қараша аралығында Токиода өтіп жатыр. Биылғы ойындарға 81 елден шамамен 3 мың спортшы қатысуда. Қазақстан құрамасы сегіз спорт түрі бойынша 78 атлетпен өнер көрсетуде.