Қарағанды облысының прокуратурасы «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жаңа жобаны іске қосты. Жоба аясында құқықтық ақпаратты қолжетімді ету үшін QR-код енгізіледі. Оны қоғамдық орындарда, көлікте, оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде және басқа да әлеуметтік нысандарда орналастыру жоспарлануда. QR-код арқылы азаматтар алаяқтықтан қалай сақтану, нашақорлыққа қатысты қылмыстардан қалай қорғану, отбасылық зорлық-зомбылық жағдайында қайда жүгіну сияқты пайдалы ақпараттарды ала алады.

Кәсіпкерлер және еріктілермен өткен кездесуде прокуратура өкілдері жобаны қолдауға шақырды. Сондай-ақ, есептеу-қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлеріне QR-кодты төлем түбіртектерінде орналастыру ұсынылды.
Прокуратураның хабарлауынша, жоба тұрғындарға қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпарат, кеңестер мен жаңалықтарды қолжетімді түрде алуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда сервис алты блоктан тұрады: интернет-алаяқтық, нашақорлыққа қатысты қылмыстар, дропперлік, жол қауіпсіздігі, даулы жағдайлар және интернеттегі этика мен мінез-құлық. Облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеровтың айтуынша, ақпарат үнемі жаңартылып, өзекті тақырыптар мен жаңа бөлімдермен толықтырылатын болады.

– Қазақстанда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Ол заңдылықты нығайтуға және халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған. Облыстық прокуратура құқық бұзушылықтың алдын алу туралы ақпаратты қамтитын QR-код әзірледі. Онда ақпарат қысқаша, түсінікті көрсетілген, видеороликтер мен қауіпсіз мінез-құлыққа арналған кеңестер бар. Құқықтық сауаттылығы бар адам жағымсыз жағдайлардан қорғануға дайын, – дейді Қарағанды облысы прокуратурасының бірінші басқармасының бастығы Алмаз Бекмағамбетов.
Дереккөз: Gov.kz
