BANNER

Ақтаудағы жаңа теңіз портын қытайлық компания салады

Фото: Life09

Ақтауда құны 300 миллион долларлық жаңа теңіз портын қытай компаниясы салмақ, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

 

Бұл туралы үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді. Оның айтуынша, инвестор инвестициялық келісімге қол қою үшін құжаттарды әзірлеп жатыр.

 

Облыс әкімінің мәліметінше, стратегиялық серіктес – Қытайдың "Чжонъюн Интернешнл" компаниялар тобы. Инвестор аймақта өз компаниясын тіркеп үлгерген.

 

"Жоба Қытай – Қазақстан – Ақтау – Баку – Поти – Еуропа бағытындағы жаңа халықаралық көлік дәлізін қалыптастыруға ықпал етеді. Оның жүзеге асырылуы жүк жеткізу мерзімін 7–15 күнге қысқартуға, тасымал шығындарын 18–25% төмендетуге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді", – деді Қилыбай.

Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Каспий торабын дамыту аясында екі жоба іске асырылып жатқанын айтты. Олар: Ақтау теңіз портында контейнерлік хаб салу және Құрық портында "Саржа" көпфункционалды теңіз терминалын салу. Екі жоба да "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймақ (АЭА) құрамына енгізілген.

"Контейнерлік хаб бойынша АЭА аумағынан 19 гектар жер телімі бөлінді. Инвестиция тарту жөнінде "Ляньюньган порты" компаниялар тобымен келісім жасалды. Инвестиция көлемі – 47,6 млрд теңге", – деді министр.

 

Министрдің айтуынша, контейнерлік хабтың құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Шілде айында контейнерлік хабтың алғашқы іске қосу кешені пайдалануға берілген. Екінші іске қосу кешенінің құрылысы 95% орындалған және жыл соңына дейін толық аяқталады. Ал құрылыстың екінші кезеңін 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.