Қарағанды қаласындағы №24 жалпы орта білім беретін мектеп – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған заманауи білім ордаларының бірі. Жаңа мектеп оқушыларға қауіпсіз орта, жоғары деңгейдегі білім және жан-жақты даму мүмкіндіктерін ұсынады.
Қарағанды қаласы, Әлихан Бөкейхан ауданында орналасқан №24 жалпы орта білім беретін мектеп – Президент тапсырмасымен іске асқан «Келешек мектептері» жобасының аймақтағы ең озық үлгілерінің бірі. Заманауи талаптарға сай салынған оқу орны оқушылардың сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуына барлық мүмкіндіктерді қарастырған.
Мектеп директоры Қанат Бектеміровтың айтуынша, білім ордасында 900-ге жуық оқушы білім алады. Оқу ғимараты 10 блоктан тұрады, бұл бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларының бөлек білім алуына және қауіпсіздіктің жоғары деңгейде қамтамасыз етілуіне жағдай жасайды. Мектеп бір ауысымда жұмыс істеп, екінші ауысымда пәндік офис-сабақтар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, балалардың қабілетін дамытуға бағытталған 16-ға жуық тегін үйірме жұмыс істейді.

Оқушылардың үлгерімі үнемі бақылауда. Қосымша дайындықты қажет ететін пәндер бойынша сабақтан кейін жеке және топтық сабақтар жүргізіледі. Ал, дарынды балалар олимпиадаларға арнайы бағдарлама бойынша дайындалады. Мектеп инклюзивті білімге де ерекше көңіл бөледі: мұнда инклюзия кабинеті, сенсорлық бөлме бар, сондай-ақ логопед, дефектолог, әлеуметтік педагог және екі психолог жұмыс істейді.
Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін де барлық жағдай жасалған. Кітапхана, оқу залы, спорт пен музыкаға арналған үйірмелер, сондай-ақ танымдық фильмдер көрсетілетін үлкен экран орнатылған жиын залы да бар.


Сынып кабинеттері жас ерекшеліктеріне сай жабдықталған: бастауыш пен жоғары сынып оқушылары үшін бөлек спорт залдары мен асханалар қарастырылған. Бұл балалардың өзін жайлы сезінуіне және оқу процесінің тиімділігіне ықпал етеді.
Мектептегі қауіпсіздік жүйесі де заман талабына сай. Кіреберістегі турникеттер, бет-әлпетті тану құрылғылары асханада және кітапханада орнатылған. Бұл жүйелер ата-аналарға баласының мектепке кіріп-шыққан уақытын, асхана мен кітапханада болған уақытын бақылап отыруға мүмкіндік береді.
Заманауи технологиялармен жабдықталған технология кабинеттері, қауіпсіздік жүйесі және жан-жақты білім беруге бағытталған инфрақұрылым – №24 мектептің «Келешек мектептері» стандартына толық сай келетінін көрсетеді. Білім ордасының басты мақсаты – әр оқушыға қауіпсіз, жайлы және шабыт сыйлайтын орта қалыптастыру.
Автор: Айдана Таңатар
