BANNER

Қарағанды облысының бюджеті әлеуметтік бағыттылығын сақтап қалды

Фото: Life09

Қарағанды облыстық мәслихатының кезекті XXXI сессиясында өңірдің 2026–2028 жылдарға арналған бюджеттің жобасы бекітілді. Құжаттың басты қағидаты өзгеріссіз — бюджет әлеуметтік міндеттемелерді орындауға және халықтың әл-ауқатын арттыруға басымдық береді. Облыс дамуының стратегиялық мақсаттары — экономикалық өсім, өмір сапасын жақсарту және тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеру.

Экономика және бюджет жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Людмила Башаринаның мәліметінше, 2026 жылы бюджет шығыстарының 64,6 % әлеуметтік салаға бағытталады. Нақты секторды қолдауға және бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 23,4 % қарастырылған.

– Құқық қорғау құрылымдарының қызметін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға, азаматтық қорғанысты ұйымдастыруға және пробация қызметінің жұмысын жүргізуге 5 % бөлінеді. Ал жалпы мемлекеттік шығыстардың үлесі 6,2 % құрайды, – деп нақтылады Людмила Башарина.

 

Өңір республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер мен бюджеттік несиелер алады. Бұл қаражат жылу және газбен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға жұмсалады.

Бюджет жобасын әзірлеу барысында депутаттардың ұсыныстары ескерілгені атап өтілді. Қаржылық құжат экономиканың барлық негізгі бағыттарын қамтиды және Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және өңір экономикасының орнықты дамуына бағытталған.

Сессия барысында сондай-ақ Қарағанды облысының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспары бекітілді.

Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі