Қарағанды облысында Жастар ісі жөніндегі кеңестің жыл қорытындысына арналған отырысы өтіп, алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтар айқындалды. Кездесу жастар саясатының өзекті мәселелерін — тұрғын үймен қамту, ауыл және бастамашыл жастарды қолдау, сондай-ақ жаңа жобалардың тиімділігін жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.

Өткен жыл өңір үшін жаңа форматтар мен мазмұнды бастамаларға толы болды. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бастамасымен бірқатар маңызды жобалар іске асырылды. Алғаш рет өңірлік деңгейде Сенаттың қолдауымен кәсіби құзыреттер мен сыни ойлауды дамытуға бағытталған «Талдау мектебі. Қарағанды» / «Школа аналитики. Караганда» жобасы іске қосылды. «Волонтёр паспорты» еріктілер қызметін жүйелеуге мүмкіндік берсе, инклюзивті «Senim Alany» жобасы мүгедектігі бар жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. «Ұлт Қазынасы» дарынды ауыл жастарын қолдауға бағытталды, ал «Jas fund» шығармашылық бастамаларды қаржыландырудың тиімді тетігіне айналды. Сонымен қатар Жастар ресурстық орталығы базасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу бойынша фронт-офис өз жұмысын бастады.

Кеңестің қорытынды отырысында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, қалалық және аудандық кеңестердің қызметі, сондай-ақ мемлекеттік жастар саясатын іске асыру нәтижелері басты назарға алынды.

Жас отбасыларды тұрғын үймен қамту мәселесі әлі де ең өзекті бағыттардың бірі болып отыр. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәселе тұрақты бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті.
— Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету — басым міндеттердің бірі. Пәтер кезегінде тұрған жас азаматтардың санын ескере отырып, 2023–2027 жылдарға арналған Кешенді жоспардың сапалы әрі қатаң орындалуын қамтамасыз ету қажет, — деді өңір басшысы.

Биыл қалалар мен аудандар әкімдіктері жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестердің қызмет форматы жаңартылды. Жаңа үлгілік ереже қабылданып, құқықтық база өзектендірілді әрі ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтілді. Кеңестер мемлекеттік органдар, жастар ұйымдары және әлеуметтік қызметтер арасындағы диалогты қамтамасыз етіп, қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттыруға ықпал етуде.
Облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Аслан Қабегеновтың айтуынша, қазіргі таңда Жастар ісі жөніндегі кеңестер облыстың тоғыз өңірінде жұмыс істеп тұр. Қалған қалалар мен аудандарда оларды құруға қатысты ұйымдастырушылық мәселелер шешілуде.

Облыс әкімі кеңестердің ашық әрі белсенді пікірталас алаңына айналуы тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты жастар ресурстық орталықтарына кеңестер құрамын қоғамдық пікір көшбасшылары, жастар ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен шығармашыл жастар есебінен кеңейту, сондай-ақ олардың қызметі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен жариялау міндеті жүктелді.

Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Айсұлу Ерниязова жыл қорытындысы бойынша есеп ұсынып, 2026 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.
— Бірқатар бастамаларды республикалық деңгейде кеңейту көзделіп отыр. Алдағы жылы «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» секілді ішкі саясаттың негізгі бағыттарына, сондай-ақ БҰҰ жариялаған Волонтёрлер жылы аясында еріктілік қозғалысты дамытуға басымдық беріледі, — деді Айсұлу Ерниязова.

Өңір басшысы жүйелі жұмыстың нақты нәтижелеріне де тоқталды. Атап айтқанда, облыста NEET санатындағы жастардың үлесі 6,5 пайызға дейін төмендеді, «Жасыл ел» еңбек жасақтарына тартылған жастар саны артты, сондай-ақ 2025–2028 жылдарға арналған ерте нашақорлықтың алдын алу жөніндегі Жол картасы бекітілді.
— 2025 жыл жастар үшін мүмкіндіктер мен бастамаларға толы, жүйелі шешімдер қабылданған кезең болды. Әрине, шешімін күтетін мәселелер бар, алайда оларды жетілдіру бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасуда, — деп қорытындылады Ермағанбет Бөлекпаев.
