BANNER

Алматыда Асанәлі Әшімовті соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті

Фото: Life09

Асанәлі Әшімовті соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтіп жатыр, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Рәсім Алматыдағы Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында ұйымдастырылған. Жиынға мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Мәдениет министрі Аида Балаева мен қала әкімі Дархан Сатыбалды арнайы келді.

“Құдайға шүкір мақтанып айтатын, нар тұлғалы ағаларымыз осы залда да отыр. Асанәлі атамыз солардың алды болған еді. Өзі асқақ, ақсар еді. Өзі де ірі, сөзі де ірі, ісі де ірі болатын. Осындай нар тұлғалардан үлгі алып, біз де ірі болайық. Алып тұлғалардың лайықты жалғасы болайық. Бір болайық биік болайық. Асанәлі ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!”, – деді Ерлан Қарин. 

“Ол батырлардың бейнесін сомдады. Сол батырлар арқылы бізді тәрбиеледі. Сол фильмдердегі Асанәлі сомдаған бейнелер арқылы біз тәрбие алдық қалыптастық. Сондай батыр болғымыз келді және Қазақстан тәуелсіз болса екен дедік. Асанәлідей алып тұлғаның халқына сіңірген еңбегі осы деп білемін. Жатқан жері жарық болғай, топырағы тоқа болғай ағамыздың. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Асанәлі Әшімовтің туыстарына көңіл айтты.

“Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол көптеген образдарды шебер сомдап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Cахна саңлағы әрі кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады”, – деп жазылған жеделхатта.