Қарағандыда «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасының бір жылдық жұмысы қорытындыланды. Осы кезең ішінде 3550 кәсіпкер қамтылып, 1000-нан астам жарнамалық әрі ақпараттық мәтін редакцияланды. Қорытынды жиын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңында өтіп, бизнес өкілдерімен қатар сарапшыларды, еріктілерді және журналистерді біріктірді.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылған жоба өңірде сауатты әрі талапқа сай визуалды ортаны қалыптастыруға бағытталған нақты тетікке айналды. Кездесуге онлайн форматта қосылған кәсіпкерлер формальды есептерден тыс, бизнесте жиі кездесетін өзекті мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік алды.

Қарағанды облысының Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Алма Шалабаева жобаның негізгі мақсаты бақылау жүргізу немесе айыппұл салу емес, керісінше түсіндіру мен кеңес беру екенін атап өтті.
— Бұл жоба тексеру құралы емес. Басты міндет — кәсіпкерді жазалау емес, қолдау көрсету, мемлекеттік тілдегі қателіктерді артық шығынсыз түзетудің жолдарын көрсету, — деді ол.
Жоба жетекшісі Гүлназ Мұстағұлова көрнекі ақпарат пен жарнама саласында жиі кездесетін заңбұзушылықтарға жан-жақты талдау жасап, негізгі түйткіл мемлекеттік тілдегі мәтіндердің сапасына тірелетінін айтты.
— Қателіктердің басым бөлігі басқа тілдерден автоматты аударма бағдарламалары арқылы тікелей көшіруден туындайды. Мұндайда мәтіннің мағынасы бұрмаланып, қазақ тілінің лексикалық және грамматикалық нормалары сақталмайды, — деп түсіндірді ол. — Мемлекеттік тілді қолдану жеткіліксіз, оны сауатты әрі орынды қолдану аса маңызды.
Жоба аясында кәсіпкерлерге жай ғана нұсқамалар берілмей, тілдер және жарнама туралы заңнаманың талаптары кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар жадынамалар таратылып, жарнамалық мәтіндерге нақты әрі дайын түзету нұсқалары ұсынылды.
Бір жыл ішінде түсіндіру жұмыстарына шағын және орта бизнес субъектілерінің 3550-і тартылды. Тегін Call-center арқылы 1000-нан астам жарнамалық және ақпараттық мәтін аударылып, редакциядан өтті. Әрбір кәсіпкерге қазақ тілінің нормаларын сақтай отырып, стилистикалық тұрғыдан дәл әрі сауатты аударма нұсқалары ұсынылды.

Іс-шара соңында «Сауатты жарнама – сауатты кәсіпкер» акциясы аясында жұмыс тобының мүшелері, сондай-ақ кәсіпкерлермен тікелей жұмыс жүргізген колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері алғыс хаттармен марапатталды.
Әлеуметтік жоба Қарағанды облысының Тілдерді дамыту басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы тарапынан жүзеге асырылды.
Дереккөз: gov.kz
