OREO печеньесін сатып алғандар қаптасындағы QR-кодты басқанда онлайн казиноға өткен. Тәтті сыртындағы күмәнді сілтемелер туралы блогер Руслан Айтпаев дабыл қақты, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Блогер Руслан Айтпаев ұлының өтінішімен дүкеннен алынған печеньенің қаптамасындағы QR-кодты сканерлеп көреді. Баласы ұтыс шығады деп ойлаған. Алайда OREО-дағы код арқылы күмән тудыратын сайттар мен онлайн казино ашылған.
“Мен бұл видеоны әлеуметтік желіге әдейі салдым. Мақсатым – OREO Қазақстан компаниясының назарын мүмкіндігінше тез әрі көбірек аударту болды. Себебі менің түсінуімше, олар QR-кодтың мүлде басқа бағытқа, яғни қажет емес сайттарға апарып тұрғанынан хабарсыз болған”, – дейді блогер.
Мұны білген ата-аналар қазақстандықтар шығынға батпай тұрын, мемлекет бәрін өз қолын алу керегін айтты.
“Ата-аналар балаларына алады. Балалар байқаусызда оның QR-кодын басып, сөйтіп ойынға шалдығады”, “Әрине, бұл дұрыс емес. Мұндай мәселені, негізі, мемлекеттік деңгейде қолға алып, барлығын тәркілеу керек. Қазірдің өзінде бәрін заң талаптарына сай құжат жүзінде тіркеу қажет”, – дейді қазақстандықтар.
Болған жағдайдан кейін OREO компаниясы да ақпаратты растап желідегі ресми парақшаларында жазба қалдырды.
“Oreo қаптамасындағы QR-кодының компаниямен байланысы жоқ күмәнді веб-сайтқа аударатынына себеп болған техникалық ақауды жойғанын хабарлаймыз. Қазір QR-код дұрыс жұмыс істеп тұр және дұрыс мекенжайға аударады”, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшада.
Компания техникалық ақауды жойған. Алайда заңгерлер бұл жерде техникалық қате емес, заң бұзушылық белгілері бар дейді.
“Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл жерде екі заң бұзушылық анықталып отыр. Біріншісі 455-баптың 1-тармағы бойынша жарнама туралы заңды бұзу. Екіншісі 455-баптың 1-1-тармағы бойынша онлайн казиноларды жарнамалау. Бұл екі факт та заңсыз. Жеке-жеке қарастырылса, айыппұл көлемі 3 миллион 600 мың теңгеге жуықтауы мүмкін”, – дейді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.
