Қарағанды облысында тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы жаңа лифт орнату, тұрғын үйлерге газ жүргізу, шатыр мен қасбеттерді жөндеу, сондай-ақ инженерлік желілерді тарту жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Коммуналдық мәселелерді өз қаражаты есебінен шешуге мүмкіндігі жоқ тұрғындар осы орталыққа жүгінеді.

Ең сұранысқа ие бағыттардың бірі – жеке тұрғын үйлерді газдандыру. 2025 жылы орталық арқылы Қарағанды мен Теміртау қалаларында 560 отбасы орталық газ жүйесіне қосылды. Бағдарлама қолжетімді шарттарының арқасында танымал болып отыр: несие бес жылға дейін беріледі, ай сайынғы төлем 10–17 мың теңге аралығында. Соңғы үш жылда шамамен 1200 үй газға қосылған.
Ескірген лифтілерді ауыстыру жұмыстары да жалғасуда.

— Жұмыстар айналым қорының қайтарымды қаражаты мен лифт компанияларының инвестициялары есебінен жүргізіледі. 2025 жылы Қарағанды мен Теміртауда 31 лифт орнатылды, тағы 20 лифт қарыз қаражатын тарту арқылы жаңартылды. 2026 жылы 25 лифт орнату жоспарланып отыр, - деп хабарлады «Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы» ЖШС директоры Данияр Дүйсембаев.
Орталық көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын да қаржыландырады. Бағдарлама іске асырылған кезеңде Қарағанды облысында 300-ден астам көпқабатты үй жаңартылды. Биыл кезекте сегіз үй тұр.

Жылумен қамту мәселелері де кезең-кезеңімен шешілуде. Пришахтинск аумағындағы Шахтерский кентінде 56 көпқабатты үй орталық жылу жүйесіне қосылды. Бұл пешпен жылытудан бас тартуға және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді.
Данияр Дүйсембаевтың айтуынша, тұрғындардың өз үйлеріне деген көзқарасы да өзгеріп келеді.

— Тиімді меншік иесінің психологиясы біртіндеп қалыптасуда. Адамдар үй — өздерінің жауапкершілігі екенін түсіне бастады. Сонымен қатар, оларда таңдау бар: қаражатты өздері жинау немесе бізге жүгініп, ең төмен пайызбен несие рәсімдеу. Көпшілік үшін біз нағыз құтқару шеңберіне айналамыз, - деді ол.
Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы шатырларды, қасбеттерді және инженерлік коммуникацияларды жөндеуге өтінімдер қабылдап, жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде сүйемелдейді. Бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп, өңірдің тұрғын үй қорын жаңартудың тиімді тетіктерінің бірі болып қала береді.
