BANNER

Қарағандының Орталық саябағында ашық бассейн мен музыкалық-отты фонтан салынады

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағандының Орталық саябағында аумағы шамамен 750 шаршы метрді құрайтын ашық бассейн ашылып, үшінші көлдің бүкіл айдынын қамтитын музыкалық-отты жарықдинамикалық фонтан орнату жоспарланып отыр. Жоба экологияны сауықтыру, инфрақұрылымды дамыту және заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыруды көздейтін Орталық саябақты кешенді жаңғыртудың бір бөлігі болмақ.

Саябақты дамыту тұжырымдамасы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа облыс орталығын дамыту мәселелеріне арналған арнайы кеңесте таныстырылды.

Жаңғырту жұмыстары алдымен көлдерді экологиялық оңалтудан басталды. Негізгі көл су экскаваторының көмегімен тазартылып, балықтандырылды: артық балдырлармен қоректеніп, табиғи тепе-теңдікті сақтауға ықпал ететін 90 мың балық жіберілді. Бірінші және екінші көлдерде жұмыстар толық аяқталған — тіреу қабырғалары нығайтылып, жағалау сызығы қауіпсіз әрі көрікті кейіпке келтірілді. Көктемде екінші су айдынын сумен толтырып, оны да балықтандыру жоспарланып отыр.

Жаз мезгілінде көлдер аумағында су құстары — бір қазандар, құтандар, аққулар, үйректер мен қаздар мекендейді.

Бұл жоба Қарағанды зообағымен бірлесіп жүзеге асырылмақ.

— Қол жеткізілген нәтижені сақтау және қайталама ластанудың алдын алу үшін таза жер асты суларымен көлдерді толықтыратын жаңа ұңғымалар бұрғылануда. Барлық он ұңғыма іске қосылғаннан кейін су айдындары айына 36 мың текше метрге дейін су ала алады. Бұл экожүйенің тұрақтылығын едәуір арттырады, — деді мәдениет, демалыс және саябақтар басқармасының директоры Талғат Байтохин.

Қыс мезгілінде де көлдердің экожүйесі тұрақты бақылауда болады: қатты аяз кезінде балықты оттегімен қамтамасыз ететін аэрация жүйесі үздіксіз жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта негізгі жұмыстар үшінші көлге шоғырланған. Тазарту аяқталған соң мұнда лазерлік жарықтандыруы, бейнепроекциялары, отты эффектілері бар және музыкамен толық синхрондалған музыкалық-отты фонтан іске қосылады.

Сонымен қатар жанынан сүзгілеу жүйесімен жабдықталған, қауіпсіз жабындысы бар және демалыс аймағы абаттандырылған ашық бассейн салу көзделген.

Саябақтағы ерекше арт-нысан — бұған дейін Каскад алаңында жаңа жылдық безендіру ретінде қойылған кит мүсіні — негізгі көлдегі аралшаға көшіріліп, тікелей су айдынына орналастырылады.

Сонымен қатар Орталық саябақта жасыл желектерді жаңарту жұмыстары да кең көлемде жүргізілуде. 2025 жылы Қарағандыда соңғы жылдардағы ең ірі ағаштарды түгендеу жұмыстары Алматыдан шақырылған мамандардың қатысуымен өтті. Барлық екпелер есепке алынып, санитарлық жағдайы бағаланды. Қауіпті ағаштарды кесу кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, оның орнына өтемдік ағаш ену жүргізілуде. Ғазалиев көшесіндегі көпірден кейінгі аумақта ғана 7,5 мыңнан астам жеміс-жидек ағашы отырғызылған. Алдағы бес жылда Орталық саябақ аумағында жергілікті климатқа бейімделген шамамен 90 түрдегі 58 мыңға жуық ағаш егу жоспарланып отыр.

Жаңғырту жұмыстары балалар теміржолын да қамтиды. Биыл ол жаңартылып, бағыты 807 метрге ұзартылып, зообаққа дейін жеткізіледі. 

Осылайша қаланың екі танымал қоғамдық кеңістігі өзара байланыспақ. 

Сонымен қатар балалар теміржолына екі жолаушы вагонын сатып алу көзделген.

Даму саябақтың батыс бөлігінде де жалғасады. Мұнда қыста сызықтық мұз айдыны жұмыс істейді, ал жаз мезгілінде мәдени және бос уақытты ұйымдастыруға арналған тентті сахна орнату жоспарлануда. Бұл көше музыканттарын тартуға және қаланың мәдени өмірін жандандыруға мүмкіндік береді. 

Бұдан бөлек, балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге арналған ірі ашық ойын алаңын салу мүмкіндігі де қарастырылып отыр.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Орталық саябақтың жүйелі түрде дамып, жыл бойы мазмұнды іс-шаралармен толы болуы тиіс екенін атап өтті.

— Қаланың өз мәдени бағдарламасы болуы қажет — мемлекет пен жеке бизнестің қатысуымен жүзеге асатын, ойластырылған әрі тартымды. Қарағанды — агломерацияның орталығы, сондықтан мұнда өзге қалалардың тұрғындары келуі керек. Орталық саябақ жылдың кез келген мезгілінде өмірге толы, сұранысқа ие демалыс орны болып қалуы тиіс, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.