BANNER

Екібастұзда 17 жастағы бозбала мен қыз араға екі күн салып өз-өзіне қол жұмсаған

Фото: Life09

Жасөспірімдер бұрын бір сыныпта оқығаны белгілі болды. Қайғылы жағдай туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарағаннан кейін, оны Павлодар облысының полициясы растады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, екі суицид дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Барлық мән-жай тергеу барысында анықталмақ.

Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева марқұмдардың 2008 жылы туғанын, бір-бірімен достық қарым-қатынаста болғанын айтты. Жігіт – Екібастұздағы мектептердің бірінде 11-сыныпта оқыған, ал қыз – жергілікті колледждің бірінші курс студенті. Екеуі де жағдайы жақсы отбасынан шыққан, оларды туыстары үйлерінен тапқан.

Тексеру барысында білім беру ұйымдарында буллинг фактілері анықталмаған. Сондай-ақ, жасөспірімдер профилактикалық есепте тұрмаған және психологтардың бақылауында болмаған.

Бұл оқиғалар – жыл басынан бері өңірде тіркелген кәмелетке толмағандар арасындағы алғашқы суицид деректері.