BANNER

Фейкке қарсы ескерту: Министр Аида Балаева арандатушыларға тосқауыл қойды

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қоғамды дүрліктіруді көздеген жалған ақпарат таратушыларға қатаң ескерту жасады. Соңғы уақытта белгілі ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың атынан ашылған фейк-аккаунттар арқылы шындыққа жанаспайтын мәліметтер таралып жатқанын министр ашық айтты.

Министрдің сөзінше, кейбір әлеуметтік желі қолданушылары жаңа Конституция жобасын әдейі бұрмалап, оны арандатушылық құралға айналдыруда. Мұндай әрекеттер қоғамда негізсіз алаңдаушылық туғызып, жұртты адастыруды мақсат етеді. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі ztb_qazaq телеграм арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Аида Балаева жалған парақшалар тек Мұхтар Шахановтың ғана емес, Шавкат Рахмонов пен өзге де танымал тұлғалардың атынан ашылып жатқанын атап өтті. Бұл аккаунттарда тіл, жерді сату секілді қоғам үшін аса сезімтал тақырыптар көтеріліп, жалған үндеулер мен арандатушы ақпараттар жариялануда.

Ведомство басшысы азаматтарды сабыр сақтауға және тек ресми, сенімді ақпарат көздеріне ғана жүгінуге шақырды. Сонымен қатар, жалған ақпарат тарату заң алдында жауапсыз қалмайтынын еске салды: мұндай әрекеттер үшін қылмыстық та, әкімшілік те жауапкершілік қарастырылған.

Министрдің бұл мәлімдемесі – ақпараттық кеңістіктегі тәртіп пен жауапкершілікті күшейтуге бағытталған нақты қадам. Қоғамды іріткі салудан сақтаудың басты жолы – саналы тұтыну мен сындарлы ой екені тағы бір мәрте ескертілді.