Қарағанды қаласындағы №3 гимназияның оқушылары «Жас патриоттар» академиясының 10 жылдығына арналған республикалық конференцияда өз жобаларын қорғап, ұйым қатарына қабылданды. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен 16 команда қатысты.

Қарағанды командасының құрамына 8–9-сыныптардың бес оқушысы енді. Олар гимназиядағы патриоттық тәрбие бағытындағы жүйелі жұмысты таныстырған жобаны әзірлеп, сәтті қорғады. Презентацияда білім ордасының азаматтық-патриоттық тәрбие мен волонтерлік қызмет саласындағы негізгі бағыттары қамтылды.

— Біздің гимназияда түрлі жобалар жүзеге асырылады. Сондықтан жинақталған тәжірибемізді ұсынуды жөн көрдік. Конференция барысында оқушылар туған өлке тарихын зерделеу, ұлттық дәстүрлерді жаңғырту, қоғамдық белсенділікті арттыру, жасөспірімдердің бойында адалдық пен әділдік қағидаттарын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды таныстырды, — деді команда жетекшісі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Маржан Нәбиева.

Маржан Нәбиева конференцияда баяндама жасап, әріптестеріне гимназиядағы патриоттық тәрбиеге қатысты жүйелі тәсілді таныстырды.

Қатысушылар өзге өңірлерден келген командалармен тәжірибе алмасып, қызықты тұлғалармен танысуға, жаңа жұмыс форматтарын көруге, сондай-ақ жергілікті көрікті орындарды аралауға мүмкіндік алды.
Кездесу қорытындысы бойынша оқушылар арнайы төсбелгілермен марапатталып, «Жас патриоттар» академиясының қатарына қабылданды. Алдағы уақытта ынтымақтастық қашықтан форматта жалғасады: оқушылар бірлескен жобалар әзірлеп, оларды өз өңірінде жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Дереккөз: Gov.kz
