BANNER

Қарағандыда жастармен жаңа Конституцияны талқылау бойынша кездесу өтті

Фото: Life09

Қарағанды қаласында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының мүшелерімен кездесу ұйымдастырылды. Жиында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын түсіндіру және талқылау мәселелері қаралды.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Үсенұлы жаңа Конституцияның негізгі бағыттарына тоқталып, Тәуелсіздік жылдарында ел бірлігін нығайтуға бағытталған «Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру», «Бірлігіміз – әралуандықта» бағдарламалық құжаттарының маңызын атап өтті. Сонымен қатар, Халық кеңесі мен Ұлттық құрылтайдың қоғамдағы рөліне ерекше мән берілді.

Жиын барысында алдағы 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумның тарихи маңызы да кеңінен талқыланды. Спикерлер Конституцияның мемлекеттіліктің берік іргетасы екенін, ал референдум азаматтарға ел болашағын айқындауға тікелей қатысуға мүмкіндік беретін маңызды демократиялық құрал екенін атап өтті. Белсенді жастар үшін бұл кезең азаматтық жауапкершілікті көрсету мен қоғамдық үдерістерге өз үлесін қосудың маңызды алаңы ретінде бағаланды.

Сондай-ақ, кездесуде жаңа Конституцияның 2019 жылдан бастау алған саяси реформалардың жүйелі жалғасы екені айтылды. Құжатты әзірлеу процесі ашық форматта ұйымдастырылып, Конституциялық комиссияға азаматтардан, сарапшылардан және қоғамдық ұйымдардан 12 мыңнан астам ұсыныс қабылданғаны жеткізілді. Комиссия құрамында түрлі сала өкілдері жұмыс істеп, құжаттың мазмұны кең қоғамдық диалог нәтижесінде қалыптастырылғаны атап өтілді. Спикерлер ұсынылып отырған өзгерістердің мазмұнын егжей-тегжейлі түсіндіріп, қатысушылардың сауалдарына нақты әрі толық жауап берді.