BANNER

Бейіндік сыныптар: Қарағанды облысында оқушыларға саналы кәсіби таңдау жасауға жағдай жасалуда

Фото: Gov.kz

Қарағанды қаласындағы №4 жалпы білім беретін мектепте құрылыс бағытындағы бейіндік сынып табысты жұмыс істеп келеді. Мұнда оқушылар тек араластырғыш жөндеуді немесе қабырға сырлауды үйреніп қана қоймай, болашақ мамандықтың нақты мазмұнын ерте жастан танып-білуге мүмкіндік алады. Ерте кәсіби бағдар беру мектепте саналы таңдау мәдениетін қалыптастырудың маңызды тетігі ретінде қарастырылады: оқушы мамандықтың қыр-сырын неғұрлым ерте түсінсе, колледжді немесе жоғары оқу орнын тәмамдаған соң өз мамандығы бойынша еңбек ету ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.

Құрылыс бағытын енгізу уақыт талабынан әрі өңірдің экономикалық сұранысынан туындаған. Бүгінде құрылыс индустриясы аймақ экономикасының тірек салаларының бірі саналады.

— Бұл бағытты таңдаудағы басты себеп — мамандықтың нақты нәтижеге бағытталуы, жоғары жауапкершілікті талап етуі және шығармашылық көзқарасты дәл есеппен ұштастыруы. Құрылыс саласының келешегі зор, ол елдің дамуына тікелей ықпал етеді, — дейді мектеп директоры Мағрипа Хасенова.

Бейіндік сыныпта 7–10-сынып оқушылары білім алады. Бағдарлама жас ерекшеліктеріне сай кезең-кезеңімен құрылған: алдымен теориялық дайындық беріледі, кейін міндетті түрде тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылады. Оқу үдерісі Қарағанды техникалық-құрылыс колледжімен бірлесіп жүргізіледі. Колледж оқытушылары кірпіш қалау, дәнекерлеу ісі, плитка төсеу, графикалық дизайн негіздері, ағаш өңдеу және сантехника бағыттары бойынша сабақ өткізеді. Мұндай формат оқушыларға мамандықпен тек танысып қана қоймай, нақты жұмыс түрлерін орындап, өз қабілетін іс жүзінде сынап көруге мүмкіндік береді.

— Оқу аяқталған соң арнайы сертификат немесе жолдама берілмейді. Алайда бағдарламаның негізгі мақсаты — оқушылардың құрылыс және техникалық мамандықтарға қызығушылығын ояту, еңбекке баулу және алған білімдерін күнделікті өмірде қолдануға үйрету. Сабақ барысында олар әртүрлі жұмыс түрлерімен танысып, өз мүмкіндіктерін байқап көреді. Бұл болашақ кәсіби таңдаудың берік негізін қалыптастырады, — деп атап өтті мектеп басшысы.

Жалпы, Қарағанды облысында мектеп оқушыларына арналған бейіндік даярлық жүйесі жүйелі түрде дамып келеді. Жобаның басты міндеті — жастардың жұмысшы және техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттырып, мектеп қабырғасында жүріп-ақ негізделген кәсіби шешім қабылдауына ықпал ету.

1 қыркүйектен бастап өңірдің 83 мектебінде 126 бейіндік сынып жұмыс істейді. Олар екі мыңға жуық оқушыны қамтып отыр. Бағыттар қатарында IT, аграрлық сала, тау-кен және теміржол ісі, инженерия, металлургия, сервис, тігін және шаштараз өнері, дәнекерлеу ісі, құрылыс, сондай-ақ медициналық және педагогикалық сыныптар бар. Әрбір бағыт қала мен ауданның әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып ашылады.

Оқушылар бейіндік мекемелерге барып, өндірістік нысандардың жұмысымен танысады, салалық байқаулар мен тақырыптық кездесулерге қатысады. Сонымен қатар өңір кәсіпорындарына танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып, мамандармен тікелей жүздесу мүмкіндігі беріледі.

Дереккөз: Gov.kz