Қарағанды облысында мобильді байланыс инфрақұрылымы кеңейтіліп, интернеттің қолжетімділігі артып келеді

gov.kz

Қарағанды облысында мобильді инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңір билігі мен байланыс операторлары ірі қалалардан бастап туристік бағыттар мен шалғай ауылдарға дейін интернет пен байланыс сапасын жаңа деңгейге көтеру үшін ынтымақтастықты күшейтіп отыр.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясының (Tele2 және Altel) басшылығымен кездесіп, желіні одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Бүгінде өңірдегі елді мекендердің 60 пайыздан астамы оператор желісімен қамтылған. Ал Қарағанды қаласында 5G стандарты бойынша 93 базалық станция жұмыс істейді. Алайда, өңір басшысы атап өткендей, бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатуға болмайды.

— Қарқынды бәсеңдетпей, желіні одан әрі дамытуды жалғастыру маңызды. Байланыс пен интернет — инвестиция тартудың, шағын және орта бизнесті дамытудың, сондай-ақ барлық салада цифрлық шешімдерді енгізудің негізгі факторы. Біз өз тарапымыздан қолданыстағы заңнама аясында қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Өз кезегінде компания инвестиция көлемін айтарлықтай арттыруда. Биыл салынатын қаржы екі есеге өсіп, 2 млрд теңгеден асады.

«Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС басқарма төрағасы Александр Бабичев негізгі басымдықтарды атап өтті.

— Қарағанды облысындағы телеком-инфрақұрылымды дамыту — біздің стратегиялық басымдығымыз. Өңірдің ауқымы тек жаңа базалық станциялар салуды ғана емес, сонымен қатар желіні кезең-кезеңімен жаңғыртуды талап етеді. Ең алдымен, 5G технологиясын белсенді түрде дамытуды жоспарлап отырмыз, оны біртіндеп Қарағандыдан тыс аумақтарға да енгіземіз. Биылдың өзінде бұл технология Қарқаралыда іске қосылады. Сондай-ақ өңірде 80-нен астам базалық станция пайдалануға беріліп, олардың басым бөлігі 5G болады, ал шамамен 70 станция жаңғыртылады, — деді Александр Бабичев.

Жоба тек облыс орталығымен шектелмейді. Қосымша базалық станциялар Саран қаласында, соның ішінде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар аумағында да орнатылады.

Туристік бағыттарға — Балқаш пен Қарқаралыға ерекше көңіл бөлінуде. Онда инфрақұрылым толық салынғанға дейін уақытша шешім ретінде мобильді базалық станциялар пайдаланылмақ.

— Туристік бағыттардағы автожолдар бойында және демалыс аймақтарында 12 антенна-діңгек құрылысын салу жоспарланып отыр. Нысандардың жартысын операторлар өз қаражаты есебінен тұрғызса, қалған бөлігі жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Бұл — алғашқы қадам ғана, — деп нақтылады ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий.

Қазіргі таңда өңір тұрғындарының 95 пайызы 4G стандарты бойынша интернетпен қамтамасыз етілген. Дегенмен 73 шағын елді мекенде байланыс әлі жоқ. Бұл мәселені «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында шешіп, облысты толық қамту жоспарлануда.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат өңірдегі байланыс пен цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамыту жоспарларын бекітті.