Қарағандылық мұғалімдерге киберқауіпсіздік негіздері үйретіледі

Фото: Life09

Қарағанды облысында мұғалімдер интернеттегі қауіпсіздік бойынша тегін курстан өтеді. Оқу «Террикон алқабы» алаңында ұйымдастырылады. «Касперский зертханасының» сарапшылары цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану және киберқылмыскерлерден қорғану жолдарын түсіндіреді. Басты мақсат — педагогтардың бұл білімді кейін оқушылар мен ата-аналарға жеткізуі.

Цифрландыру басқармасының басшысы Константин Ильницкийдің айтуынша, қазірдің өзінде жүз информатика пәні мұғалімінен тұратын топ жасақталған. Ол қоғам үшін ақпараттық қауіпсіздік дағдыларын дамыту аса маңызды екенін атап өтті.

— Тыңдаушылар заманауи киберқауіптерге қалай қарсы тұру керектігі туралы ақпаратты қолжетімді форматта алады. Цифрлық сауаттылық деңгейі жоғарылаған сайын алаяқтардың адамдарды алдауы қиындай түседі. Мұндай курсты мұғалімдер үшін ұйымдастыруды жөн көрдік, өйткені кейін олар бұл білімді өз ортасында әрі қарай таратады, — деді Константин Ильницкий.

Бағдарлама цифрлық қауіпсіздіктің негізгі мәселелерін қамтиды. Балаларға төнетін онлайн-қатерлерге арналған сабақтар өткізіледі. Сарапшылар телефон арқылы жасалатын алаяқтықты, фишингті және өзге де киберқауіптерді тануға үйретіп, мессенджерлер мен түрлі қосымшаларды қауіпсіз қолдану жолдарын түсіндіреді.