Қарағанды облысындағы «Құрма» агрофирмасы «жасыл» энергетиканы енгізудің табысты үлгісін көрсетіп отыр: кәсіпорын құс шаруашылығы қалдықтарын биогазға өңдеп, өзін электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етеді, органикалық тыңайтқыштар өндіреді және тұрақты қосымша табысқа ие болады.

Жоба 2018 жылы жүзеге асырылған. Өндірісті жаңғыртуға 573 млн теңге инвестиция салынды.

Бүгінде биогаз станциясы тәулігіне 150 тоннаға дейін тауық саңғырығын өңдейді. Нәтижесінде 22–23 мың м³ биогаз (метанның үлесі шамамен 65%) өндіріледі. Электр энергиясын өндіру көлемі сағатына 600 кВт-қа жетеді, ал органикалық тыңайтқыш шығару тәулігіне 20 тоннаға дейін барады.

Технологияның негізінде құс шаруашылығының органикалық қалдықтарын қайта өңдеу жатыр. Ферментация барысында түзілетін биогаз электр энергиясын өндіруге пайдаланылады. Сонымен қатар кәсіпорын алқаптарында қолданылатын органикалық тыңайтқыштар да өндіріледі. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, өндірістік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.

Станция жұмыс істеген уақыт ішінде шамамен 15 млн киловатт-сағат электр энергиясы өндірілді. Жобаны іске асырудың арқасында кәсіпорын жыл сайын 100–190 млн теңге көлемінде табыс табуда.
«Құрма» агрофирмасының тәжірибесі қалдықтарды тиімді өңдеу тұрақты бизнес-модельге айнала алатынын дәлелдейді. Биогаз аграршылар үшін қосымша табыс көздерін ашып қана қоймай, Қазақстанда экологиялық бағыттағы ауыл шаруашылығының дамуына да ықпал етеді.