Қарағандыдағы Ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары, апалы-сіңлілі Ясмин мен Айлин Сейфуллиналар құрдастарына болашақ мамандығын саналы таңдауға көмектесетін бірегей жобаны әзірледі. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін олардың кәсіби бағдар беру платформасы зияткерлік байқауларда бірнеше мәрте үздік атанып үлгерген. Ал Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған конкурсқа қатысқаннан кейін жоба жаңа деңгейге көтеріліп, жоғары бағаланып қана қоймай, оны бірлесіп жүзеге асыру жөніндегі ресми ынтымақтастық келісіміне жол ашты.
Startup Women 2026 республикалық байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен 15 пен 25 жас аралығындағы 350-ге жуық қатысушы жиналды. Қазылар алқасы жобалардың өзектілігіне, жаңашылдығына және іске асырылу деңгейіне ерекше мән берді. Осы байқауда қарағандылық команданың жұмысы ерекше назарға ілігіп, апалы-сіңлілердің әзірлемесі жеке бағыт ретінде дараланды.

Жасанды интеллектпен біріктірілген VR-симулятор мектеп оқушыларына әртүрлі мамандықтарды іс жүзінде байқап көруге мүмкіндік береді. Қолданушы қысқа уақыт ішінде операциялық бөлмеден бастап IT-компания кеңсесіне дейінгі виртуалды ортаға еніп, нақты тапсырмаларды орындайды. Жүйе оның әрекеттерін саралап, қай мамандыққа бейімділігі жоғары екенін анықтайды.

— Қазір көптеген оқушылар мамандықты нақты түсініксіз таңдайды, ал қарапайым тестер болашақ кәсіптің мәнін толық сезіндіре алмайды. Біздің жобада оқушы өзін белгілі бір саланың маманы ретінде сынап көріп, саналы түрде таңдау жасауға мүмкіндік алады, — дейді 11-сынып оқушысы Ясмин Сейфуллина.
Қазіргі таңда платформада алты бағыт қамтылған: психолог, IT-маман, дизайнер, дәрігер, мұғалім және судья. Болашақта бұл тізімді кеңейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар команда платформаны жетілдіріп, оны ауқымды деңгейде енгізу бағытында жұмыс жүргізуде.
— Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Біз жобамызды қазақстандық және шетелдік сарапшылар алдында таныстырдық. Arizona State University өкілдеріне де презентация жасадық. Олар біздің әзірлемеге қызығушылық танытып, оны жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Алдағы уақытта ынтымақтастық жөніндегі келісімшартқа қол қоямыз, — деді Ясмин.
Ясминнің айтуынша, ол өзінің болашақ мамандығын әлдеқашан таңдаған. Оқушы жасанды интеллект инженері болуды мақсат етіп, Абу-Дабидегі университеттердің бірінің грантын иеленген. Соған қарамастан, әпкесімен бірге өз стартабын одан әрі дамытуды жалғастырмақ.