«Аналар мектебі» – өмірлік өнеге мен рухани тәрбие алаңы

Фото: Автордан

Саран қаласындағы Абай атындағы №4 мектеп-гимназиясында «Аналар мектебі» жобасы аясында оқушы қыздармен тағылымды кездесу өтті. Іс-шараны қалалық Аналар кеңесі төрайымы Гүлжан Жүсіпбекова ұйымдастырды.

Кездесудің құрметті қонағы — қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласып, өңірдегі өзекті мәселелерді көтеріп жүрген нәзік жандылардың бірі Майра Абдрахманова. Ол өзінің балалық шағынан бастап, жастық кезеңі, кәсіби қалыптасуы мен қоғамдық қызметіндегі өмірлік тәжірибесімен шынайы бөлісті. Еркін форматта өткен әңгіме барысында қыз тәрбиесі, мамандық таңдау, отбасылық құндылықтар, қоғамдағы әйелдің рөлі мен жауапкершілігі секілді маңызды тақырыптар қозғалды.

.


Екі сағаттан астам уақытқа созылған кездесу әсерлі де мазмұнды диалогқа ұласты. Оқушы қыздар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз ойларымен бөлісіп, өмірлік маңызды кеңестер алды. Кездесу соңында Майра Абдрахманова оқушыларға кітаптар сыйлап, олардың болашағына ақ жол тілеп, білімді, тәрбиелі әрі бақытты азамат болуға шақырды.

Тағылымы мол бұл шара оқушы қыздардың рухани дамуына серпін беріп, өз-өзіне деген сенімін арттырды. Сонымен қатар, «тәрбиелі қыз — отбасының ғана емес, тұтас қоғамның мақтанышы» екенін айқындап, заңды құрметтеу мен ұлттық-отбасылық құндылықтарды сақтау — жарқын болашақтың берік негізі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.