Қарағанды облысында мәдениет пен өнер майталмандары марапатталды

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан алынды

Қарағанды облысында мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері құрметке бөленді. Кәсіби мерекеге орай 25 адамға өңір әкімінің сыйлығы табысталды.

Сыйақы мөлшері 2 миллион теңгені құрайды, ал мамандығына адалдығы мен ұзақ жылғы еңбегі үшін берілетін басты марапат — 4 миллион теңге.

– Әлемде әрбір халық ең алдымен өзінің мәдениеті мен өнері арқылы танылады. Өнер – ұлттың жүрегі, ал мәдениет – оның рухани айнасы. Бұл құндылықтар адамзат өркениетінің берік іргетасын қалайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мәдениетті қоғам дамуының басты тіректерінің бірі ретінде айқындап, оны қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болуы тиіс екенін атап өткен болатын. Бұл ұстаным сіздердің еңбектеріңіздің мәні мен маңызын толық ашады. Бүгінде қарағандылық мәдениет қайраткерлерінің шығармашылығы өңірден тыс жерлерге де кеңінен танылып отыр. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында ұрпақтар сабақтастығы сақталып, елдің рухани өзегі нығаюда, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңірде мәдениет инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді.

Жаңғыртудан кейін Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қайта есігін айқара ашты.

Бұқар жырау ауданының Үштөбе, Доскей және Көкпекті ауылдарында жаңа ауылдық клубтар пайдалануға берілді. 

Ал Нұра ауданында жаңа Өнер үйінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Сонымен қатар, өңірдегі бірқатар маңызды мәдени нысандар – Станиславский театры, Қарағанды циркі, «Шалқыма» концерт залы және «Ленин» кинотеатры – ауқымды жаңғырту бағдарламасына енгізілген. 

Облыс орталығында заманауи Конгресс-холл салу мәселесі де қарастырылуда.

Қарағанды облысы республикада алғашқылардың бірі болып «Кітап оқитын ұлт» жобасын іске қосқан өңірлердің қатарында. Қысқа уақыт ішінде бұл бастама тек байқау шеңберінен шығып, кітап оқуға деген қызығушылықты арттырған кең қоғамдық қозғалысқа айналды.

Мереке қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар мәдениет және өнер қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында қарағандылық өнерпаз да бар.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы атынан К. С. Станиславский атындағы театрдың әртісі Иван Немцевке «Парасат» орденін табыс етті. Ол сахнада 60 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді, бүгінде 79 жасында да өнерін жалғастырып жүр.

Өз кезегінде ардагер әртіс жас буынға жүрекжарды тілегін арнады:

– Ең бастысы – төзім мен өзіңе деген сенім. Қателіктен қорықпаңыздар, ізденісті тоқтатпаңыздар. Сахна шынайылықты, еңбек пен адалдықты талап етеді, – деді ол.

Сондай-ақ мәдениет саласының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.

2026 жылғы Қарағанды облысы әкімінің мәдениет және өнер саласындағы сыйлығының иегерлері:

Сыйақы мөлшері төрт миллион теңгені құрайтын «Мамандыққа адалдығы үшін» сыйлығымен Полатхан Тәшімов марапатталды – Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік.
40 жылға жуық өнер жолында жүрген ардагер концертмейстер Тәттімбет атындағы халық аспаптары оркестрінде еңбек етіп, зейнетке шыққаннан кейін де өнер ордасынан қол үзген жоқ.

– Балалық шағымнан музыкамен тыныстап келемін. Өнер – менің өмірлік жолым. Еңбектің еленгені үлкен қуаныш. Бүгінде мәдениетке деген қолдау артып келеді, бұл бізге шабыт беріп, тәжірибені жас буынға жеткізуге жігер сыйлайды, – дейді ол.

«Жылдың үздік әртісі» – Сұлтан Серікұлы – С. Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры;

«Жылдың үздік актрисасы» – Светлана Потёмкина – К.С Станиславский атындағы театр;

«Үздік эпизодтық рөл» – Амангелді Мұқашев - С. Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры;

«Эстрадалық жанрдың үздік вокалисі» – Қуат Дүйсенов – Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестік;

«Классикалық жанр вокалисі» – Маржан Бұланова – Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры;

«Жылдың үздік аспапшысы» – Ольга Городбина – Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры, Гүлшахра Салықова – Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестік;

«Халық әнінің үздік орындаушысы» – Меруеш Бәшай – Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестік;

«Солист-аспапшы» – Александр Ермошкин – Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестік;

«Жыл хореографы» – Бағлан Қайдасынова – Теміртау мәдениет сарайы;

«Балет және хореография үздігі» – Анастасия Крумина – Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры;

«Әуесқой ұжымның үздік жетекшісі» – Баян Ахметова – Қарқаралы мәдени-ойын-сауық орталығы;

«Мәдени іс-шараларды үздік ұйымдастырушы» – Мақсат Омарбеков – Қарқаралы мәдени-ойын-сауық орталығы, Жомарт Ахмедин – Қарағанды қаласының саябақтар басқармасы.

Ауылдағы үздік мәдени іс-шараларды ұйымдастырушы ретінде Бұқар жырау ауданы Шешенқара ауылының Мәдениет үйінің меңгерушісі Жанна Бұрашева танылды.
Ол 25 жылдан бері ауыл мәдениетінің дамуына үлес қосып келе жатыр.

– Мәдениет үйінде 10-ға жуық үйірме жұмыс істейді. «Берёзка» этномәдени бірлестігі мен «Шалқыма» отбасылық орталығы тұрақты түрде жұмыс істейді. Ұжымымыз өте ұйымшыл, аудан өміріне белсене араласады. Мен түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, би және қолөнер үйірмелерін жүргіземін. Бүгінгі марапат – зор құрмет, – дейді ол.

«Үздік композитор» – Назгүл Танатар – Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестік;

«Үздік ауыл кітапханашысы» – Анар Бердешева – Нұра ауданының Ізенді ауылының кітапханасы;

«Үздік кітапханашы» – Айнұр Шаймұханбетова - Қарағанды облыстық Н. В. Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапхана, Елена Жоржик – Балқаш қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесі;

«Үздік музей қызметкері» – Нұрболат Алдабаев – Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы;

«Алтын жолақ» – Бағдат Мүбәрәк – Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығы;

«Жыл жүргізушісі» – Мейрамгүл Қәріпжанова –Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестік;

«Жыл архивисі» – Алена Дьякова – Қарағанды қаласының Мемлекеттік архиві;

«Мүгедектігі бар адамдармен жұмыс жөніндегі үздік маман» – Татьяна Головченко – Саңыраулар мәдениет үйі.

Айта кетейік, Қарағанды облысында мәдениет және өнер саласы қызметкерлеріне облыс әкімінің сыйлығы 2007 жылдан бері табысталып келеді.

Осы уақыт аралығында 478 адам осы марапаттың иегері атанған.