Қарағанды облысында балаларға арналған қосымша білім беру жүйесін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірде жаңа нысандар салынып, заманауи білім беру кеңістіктері ашылуда, сондай-ақ шығармашылықпен, спортпен және техникалық бағыттармен айналысу мүмкіндіктері кеңейтілуде.

Майқұдықта балаларға арналған заманауи Шығармашылықты дамыту орталығының құрылысы жүргізілуде. Орталықта 900-ге дейін оқушы қатыса алады. Бұл балалардың талантын ашып, қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін көпфункционалды алаңға айналмақ.
Мұнда хореография, музыка, бейнелеу өнері бойынша үйірмелер, сондай-ақ робототехника, STEM-бағыттары, бағдарламалау, дизайн және заманауи цифрлық технологиялар бойынша сабақтар ұйымдастырылады.
Жоба екі блоктан тұрады. Бірінші блокта үйірме және шығармашылық жұмыстарға арналған кабинеттер орналасады, ал екінші блокта жаттығулар мен көрермендердің қатысуымен өтетін жарыстарға арналған әмбебап спорт залы қарастырылған.
Құрылыс алаңында жер жұмыстары аяқталып, қада қағу жұмыстары жүргізілді және инженерлік желілер тартылды. Қазіргі уақытта құрылысшылар іргетас құю жұмыстарына кірісті.
Бұған дейін осындай жоба Пришахтинскіде жүзеге асырылған болатын — 2024 жылы мұнда «Кәусар» Оқушылар сарайы ашылды.

Сонымен қатар өткен жылдың соңында Жас туристер станциясы өз жұмысын бастады.

Қосымша білім беру ұйымдарының желісін дамыту облыс аудандарында да жалғасуда. Нұра ауданында заманауи өнер мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда музыка, хореография және сәндік-қолданбалы өнер бағытындағы үйірмелер жұмыс істейді. Сондай-ақ концерттер, қойылымдар және мәдени іс-шаралар өткізуге арналған 100 орындық акт залы қарастырылған.
Қазіргі таңда нысанның дайындығы шамамен 90 пайызды құрайды. Негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған: ғимараттың конструкциялары мен арақабырғалары тұрғызылып, шатыр мен терезелер орнатылған, инженерлік желілер тартылып, қазандық салынған.

Ғимараттың қасбеті жылыланып, қаптау жұмыстары орындалды. Қазір ішкі әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Қасбет ұлттық ою-өрнектермен безендіріліп, айналасына шағын сәулеттік пішіндер мен жасыл желектер егіледі.

Бүгінде өңірде 46 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында балалар өнер мектептері, музыка және көркемсурет мектептері, жас туристер, жас техниктер мен натуралистер станциялары, қосымша білім беру орталықтары және оқушылар сарайлары бар. Бұл ұйымдарда 35 мыңнан астам бала білім алады.
Өткен жылы STEM-білім беруді енгізу жобасы аясында Білім беруді тұрақты дамыту қоры білім басқармасымен бірлесіп және «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен облыстағы техникалық бағыттағы жеті ұйымның материалдық-техникалық базасын жаңартты.
Жалпы Қарағанды облысы бойынша 160 мыңнан астам бала қосымша біліммен қамтылған. Бұл — өңірдегі мектеп оқушыларының жалпы санының 92 пайызы.