Қазақстан тарихында тұңғыш рет әйгілі қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залының (IBHOF) мүшесі атанды. АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында өткен салтанатты рәсімде оның спорттағы орасан зор жетістіктері ресми түрде мойындалды.
Головкин Даңқ залына алғашқы мүмкіндіктен-ақ қабылданды. Бұл кәсіби бокс әлеміндегі ең жоғары марапаттардың бірі саналады. Осылайша оның есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді аңыз боксшылармен қатар жазылды.
«Класс 2026» құрамына Геннадий Головкиннен бөлек Антонио Тарвер, Найджел Бенн, Наоко Фудзиока және Джеки Нава енді.
Головкиннің бұл мәртебеге ие болуы оның бірегей спорттық жетістіктерімен байланысты. Әуесқой бокста ол 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, ұзақ жылдар бойы Қазақстан құрамасының көшбасшысы болды.
Кәсіпқой рингте ол XXI ғасырдағы ең үстем орта салмақтағы чемпиондардың біріне айналды. Оның еншісінде 45 жекпе-жек, 42 жеңіс және 37 нокаут бар. Ол WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып, The Ring журналының чемпиондық белбеуін иеленді.
Головкиннің HBO телеарнасымен жасаған келісімі оның әлемдік деңгейдегі танымалдылығын арттырды. Көрерменге тартымды стилі мен жойқын соққыларының арқасында ол кәсіби бокстың басты жұлдыздарының біріне айналды. Оның жекпе-жектерін тұрақты түрде миллиондаған жанкүйер тамашалады.
Қазақстандық боксшы орта салмақ тарихындағы бірнеше маңызды рекордтың иесі. Оның тоғыз жылға созылған қатарынан 23 нокауттық жеңісі дивизион тарихындағы ең ұзақ сериялардың бірі болып есептеледі. Сонымен қатар ол әлем чемпионы атағын 21 рет сәтті қорғады. Ал мерзімінен бұрын аяқталған жеңістерінің үлесі 90 пайыздан асып, Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Бүгінде Геннадий Головкин халықаралық спорттық басқару саласында да белсенді қызмет атқарып келеді. Ол Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті әрі World Boxing ұйымының басшысы ретінде ел намысын халықаралық деңгейде қорғауда.
Айта кетейік, Халықаралық бокс даңқы залы 1989 жылы Канастота қаласында құрылған. Ұйым бокс спортының тарихын сақтап, оның дамуына үлес қосқан тұлғалардың есімін мәңгілікке дәріптеуді мақсат етеді.
Дереккөз: «Ortalyq Qazaqstan»