Қыста жылу тұрақты болуы үшін: Қарағанды облысында 37 қазандық пен 27 турбина жөнделуде

gov.kz

Қарағанды облысында алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Биыл өңірдегі жеті энергия өндіруші нысанда 37 қазандық пен 27 турбинаны жөндеу жоспарланған. Сонымен бірге жылу және электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаларды іске асыру өңірдің жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттырып, апаттық жағдайлардың санын азайтуға және қысқы кезеңді сенімді өткізуге мүмкіндік береді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда жоспарланған жұмыстардың үштен бірінен астамы аяқталған.

— Бүгінде 10 қазандық пен 7 турбинадағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Тағы 12 қазандық пен 7 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Тілектес Досаев.

Жылу желілерін жаңарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл бюджет қаражаты есебінен жалпы ұзындығы 31 шақырым болатын жылу трассаларын қайта жаңғырту жоспарланған. Бұл сегіз жобаны қамтиды. Әсіресе Теміртау қаласының жылу желілерін жаңарту мәселесіне басымдық беріліп отыр. Мұнда жылу инфрақұрылымын жаңғыртуға арналған үш жылдық бағдарлама жүзеге асырылуда. Биыл қаладағы 27,1 шақырым жылу желісі жаңартылады.

Электр желілерін жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Жазғы жөндеу науқаны аясында энергетика саласының мамандары 3,7 мың шақырым электр беру желілерін, сондай-ақ қосалқы станциялар мен трансформаторлық пункттерді жөндеуден өткізеді. Сонымен қатар электрмен жабдықтау нысандарын қайта жаңғырту және жаңа инфрақұрылым салу бойынша инвестициялық бағдарламалар іске асырылып жатыр.

Бұдан бөлек, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстар да жалғасуда.

— Қарағанды мен Теміртау қалаларында жылу желілерін жаңарту бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Кейбір нысандардағы жұмыстар толық аяқталды, ал жаңа жобалар бойынша мердігер ұйымдар анықталып, дайындық кезеңі басталды. Биыл Саран қаласында су құбыры және кәріз желілерін салуға бағытталған екі жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Мердігерді анықтау бойынша конкурс өтіп, қажетті шешім қабылданды, — деді Тілектес Досаев.