Қарағандыда Ұлттық домбыра күніне орай бірегей музыкалық аспаптар көрмесі ұйымдастырылды

Фото: Gov.kz

Қарағандыда Ұлттық домбыра күніне орай қазақтың әйгілі күйшілері, өнер саңлақтары мен халық шеберлеріне тиесілі төл домбыралар көпшілік назарына ұсынылды. Ашық аспан астында ұйымдастырылған бірегей көрме Орталық мәдениет және демалыс саябағында өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары мұражай қорында сақталып, көпшілікке сирек шығарылатын құнды жәдігерлерді өз көздерімен көруге мүмкіндік алды.

Көрменің ең құнды жәдігерлерінің қатарында Қазақстанның халық әртістері Қали Байжанов 

пен Жәмилә Шашкинаның, белгілі ақын әрі әнші Доскей Әлімбаевтың домбыралары қойылды. 

Сондай-ақ келушілер ақын, күйші және халық музыкалық аспаптарының шебері Шаңгерей Манабаевтың өз қолымен жасаған домбырасын, Арқаның шертпе күй дәстүрінің көрнекті өкілі Қайролла Сәдуақасовтың аспабын тамашалады. Ерекше қызығушылық тудырған жәдігерлердің бірі – күйші Әбікен Хасенұлының кезінде ризашылық белгісі ретінде Өспен ауылының тұрғынына сыйға тартқан домбырасы болды.

Көрме барысында ұйымдастырушылар әрбір домбыраның тарихына, оның иесінің шығармашылық жолына кеңінен тоқталды. 

Келушілер қазақ музыка өнерінің көрнекті тұлғаларының өмірі мен шығармашылығы туралы тың мәліметтер алып, дәстүрлі күйшілік өнердің қалыптасуы мен дамуына қатысты тағылымды деректермен танысты.

— КСРО-ның халық әртісі Қали Байжановтың домбырасы бүгінде Қарқаралы аудандық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы. Мұнда қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілінің жарқын мұрасы мен ұлттық ән өнерін сақтап, дамытуға қосқан өлшеусіз еңбегі ұқыптылықпен насихатталып келеді. Ал Қазақстанның халық әртісі Жәмилә Шашкинаның домбырасын Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы музыка училищесі облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тарту еткен. Қасиетті жәдігер музей қорына 1994 жылы қабылданған. Сондай-ақ 1967 жылы шебердің өз қолымен жасалған Шәңгерей Манабаевтың домбырасы 1990 жылы Шет аудандық археологиялық-этнографиялық музейінің қорына тапсырылған, — деді Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экскурсия жетекшісі Диана Балтабаева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің басты мақсаты – халқымыздың ұлттық музыкалық мұрасын дәріптеу, күй өнерінің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрін сақтау және мұражай қорындағы бірегей тарихи жәдігерлерді көпшілікке кеңінен таныстыру.

Бұл көрме Қарағандыдағы Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік бағдарламаның ең маңызды іс-шараларының біріне айналды. 

Ол келушілерге қазақ халқының рухани дүниесімен біте қайнасқан, ғасырлар бойы ұлттық мәдениеттің айнымас белгісі болып келе жатқан қасиетті домбыраның тарихына тереңірек бойлап, оның баға жетпес мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік сыйлады.