Қарағандыдағы «Күнгей» және «Таугүл» шағынаудандарының тұрғындары табиғи газға қосыла алады. Мұнда газ тарату желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Алтыншы іске қосу кешенін биылғы қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта нысанда 165 шақырым газ желісі тартылды. Жоспарланған 5075 қосылу нүктесінің 3900-і дайын.

Құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталғаннан кейін нысан барлық қажетті тексерулерден өтеді. Тек содан соң ғана тұрғындар табиғи газға ресми түрде қосыла алады. Осы уақытқа дейін қала тұрғындарына қолданыстағы жылыту жүйелерін ажыратпау ұсынылады. Газға көшу желілер пайдалануға беріліп, қосылу рәсімдерінің барлығы аяқталғаннан кейін ғана мүмкін болады.

— Біз алтыншы іске қосу кешенінің құрылысын қазан айында аяқтаймыз. Қараша айында пайдалануға беру актісіне қол қою және оны QazaqGaz Aimaq компаниясына тапсыруға қатысты барлық рәсімдерді өткізуді жоспарлап отырмыз. Өтпелі кезеңде тұрғындардан газдандыруға толық көшкенге дейін қолданыстағы жылыту жүйесін сақтауды сұраймыз, — деді Қарағанды қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.

Жалпы, Қарағандыны газдандыру бағдарламасы қарқынды түрде жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда бес іске қосу кешеніндегі жұмыстар толық аяқталды. 410 шақырым газ желісі салынып, 124 газ реттеу пункті орнатылды. Табиғи газға қосылу мүмкіндігіне 10 мыңнан астам жеке тұрғын үй ие болды. Берілген 8100 техникалық шарттың негізінде бүгінде 5547 абонент табиғи газды пайдаланып отыр.
Табиғи газға қосылуға арналған техникалық шарттарды «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалынан мына мекенжай бойынша алуға болады: Қарағанды қаласы, Ермеков көшесі, 29.