Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында сайлау процесінің барлық азамат үшін қолжетімді болуына ерекше назар аударды.
Ол Қарағанды қаласындағы №16 сайлау учаскесінің жұмысымен танысты. Мүгедектігі бар азаматтарға арналған үлгілік учаскеде көтергіш құрылғы, арнайы тұтқалар, кеңейтілген есік ойықтары, арба пайдаланушыларға арналған дауыс беру кабиналары, Брайль қарпіндегі трафареттер және бюллетеньнің аудионұсқасын тыңдауға арналған құрылғылар қарастырылған. Сонымен қатар дауыс беру күні инватакси қызметін ұйымдастыру жоспарланған.
Қарағанды облысында бүгінде 6 мыңнан астам мүгедектігі бар сайлаушы тіркелген. Сондықтан барлық сайлау учаскесінде инклюзивті талаптардың сақталуы – негізгі басымдықтардың бірі.
Сапар барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Теміртау мен Қарағанды қалаларындағы бірқатар сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығын және комиссиялардың жұмысын тексерді.
Сонымен қатар облыс әкімдігі, құқық қорғау органдары және мемлекеттік мекеме басшыларымен Құрылтай сайлауына дайындық мәселелері талқыланды. Сайлаушылар тізімдерін өзектендіру, қоғамдық қауіпсіздік, заң талаптарының сақталуы және сайлау учаскелерінің дайындығы қаралды.
Өңірдегі сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға да басымдық берілуде. Арнайы семинар барысында комиссия мүшелері тестілеуден өтіп, дауыс беру күні туындауы мүмкін түрлі жағдайлар бойынша практикалық тапсырмаларды орындады.
Сайлаушыларды ақпараттандыру үшін ресми интернет-ресурстар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қолданылады. Өңірде азаматтарға кеңес беретін 14 call-орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар тәулік бойы қызмет көрсететін 109 бірыңғай байланыс қызметі арқылы сайлауға қатысты ақпарат алуға болады.
Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің өңірлерге инспекциялық сапарлары 17 тамызға дейін жалғасады.
Дереккөз: «Ortalyq Qazaqstan» газеті